Қасым-Жомарт Тоқаев атаулы әлеуметтік көмекті негізсіз алып отырған адамдардың еңбек етуге құлықсыз екенін және мемлекеттен түсетін жәрдемге сеніп алғанын айтты. Бұл жайлы президент Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында мәлімдеді.
Тоқаев мемлекеттен негізсіз, бір отбасыдан бірнеше адамның атаулы әлеуметтік көмек алуын дұрыс емес деп санайтынын жеткізді. Айтуынша, мұндай адамдар қоғамға масыл болып отыр. Сол үшін әлеуметтің көмек беру жүйесін қайта қарауды тапсырды.
«Үкімет азаматтарға әлеуметтік көмек беру жүйесін қайта қарауы керек. Соған сәйкес, тиісті тапсырма берілді. Мемлекеттен берілетін атаулы әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтар алуға тиіс. Алайда кейбір ауылдық жерде бір отбасыдан бірнеше адам атаулы әлеуметтік көмек алатын жағдайлар жиі кездеседі. Өкінішке қарай ондай азаматтарымыз жұмыс істеп, еңбек етуге де құлықсыз. Себебі мемлекеттен түсетін жәрдемге сенеді. Бұл, әрине, дұрыс емес. Түптеп келгенде, мұндай әрекет әлеуметтік масылдықты туғызып отыр»,- деп сынады президент.
Ал мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы беруге тыйым салуды орынсыз деп санайды. Айтуынша, мемлекеттік қызметте істейтіндердің табысы соншалықты көп емес. Олардың елдегі жүйелі өзгерістерге атсалысатынын айта келе, президент мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыру үшін қатардағы қызметкерлердің еңбекақысының бәсекеге қабілетті болуы қажет екенін атап өтті.
«Сыйақы аталған мәселені шешуге мүмкіндік береді. Басқа жолмен мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тартып, кадр тұрақсыздығы проблемасын шешу қиын»,- деді президент.