Қазақстандықтардың дені ломбардқа өткізген затын қайтарып алуды жөн көрмейді. Бұл кредит алу кезінде кедергі болуы мүмкін. Қаржыгерлер конгресінде «Отбасы банкінің» төрайымы Ләззат Ибрагимова мұның себебін түсіндіріп берді.
«Төлем қабілетін бағалаудан өту клиентке қиын соғып тұр. Қарыз жүктемесі соңғы кезде артып отыр. Бізде микрокредиттік ұйымдар бар. Бұл сектор тез өсті, 2,5 трлн теңгеге дейін жетті. Бұдан бөлек , ломбард секторы бар. Оның еншісінде 250 млрд теңге бар» – деді ол.
Ибрагимовның айтуынша, мемлекеттік кредиттік бюро арқылы кредиттік тарих туралы соңғы кейс қосылған. Содан көп несие алушылардың ломбардтағы қарызының кесірінен кредит тарихы жақсармай отыр.
«Көп тұрғындар затын өткізіп, оны қайтарып алуды ойланбайды да. Бұл жағдай олардың кредит тарихын елеулі түрде бұзады», – дейді «Отбасы банк» басшысы.
Ләззат Ибрагимова микрокредиттік ұйымдардан қарыз алғандар көп екенін, ол жерде кредит мөлшерлемесі өте жоғары болғандықтан, болашақта кредит тарихының нашарлауы көбейе түсетінін болжады.
Сонымен қатар, «Отбасы банк» төрайымы аталған банкке қатысты соңғы кездері жиі айтылып жатқан сындарға жауап бере кетуді жөн көрді. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі туралы нақты сандарға тоқталды.
«2000-2023 жылдар аралығында мемлекеттік бюджеттен 430 млрд теңге мемлекеттік сыйақы жұмсалған. Бұл ақша клиенттердің шотына түскен. 550 мың отбасы 5 трлн 960 млрд теңге кредит алған. Бір отбасыда орта есеппен 4 адам бар деп есептесек, 2,5 миллион адам тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы алған үйде тұрып жатыр. Сонда, мемлекет әр отбасыға 90 мың теңге ғана жұмсаған болып шығады», – дейді Ләззат Ибрагимова.
Оның пікірінше, қазір бизнес үлгілердің арасында қақтығыс бар.
«Коммерциялық банктер тұтыну кредитін беруді белсенді түрде дамытып жатыр. Клиент біреу ғана. Орта табысы бар қазақстандық. Цифрландыру, маркетинг және жарнама секілді түрлі құралдармен осы қазақстандықты тұтыну кредитін алуға тартады. Біз келіп: «Жоқ. Тоқта. Алдымен қаражат жинау керек. Баспана алу жайлы ойлану керек. Депозит аш, жинақта» дейміз», – дейді банк төрайымы.