Әлемдік кинопрокатта үлкен сәтсіздікке ұшыраған жаңа «Джокер» фильмі кино сыншыларының да, көрермендердің де көңілінен шықпады. Алдыңғы бөлімнің танымалдылығына қарамастан, жаңа сиквел өзін ақтай алмады. Warner Bros. студиясы фильмнің маркетингіне 100 млн доллар жұмсап, жалпы бюджет 300 миллионға жетті. Алайда фильмнің табысы өте төмен болып, студияға 200 миллион долларлық шығын келтіру мүмкін деген болжам бар.
Фильм алғашқы уикендте жаман көрсеткіш көрсетті және «Морбиус» секілді сынға алынған фильмнен де төмен табыс тапты. Екінші уикендте табыс 70%-ға төмендеді, нәтижесінде «Джокер» сиквелі кассалық сәтсіздік рекордтарының бірі ретінде танылып отыр.
Кино тарихында бұған дейін де осындай ауқымды коммерциялық құлдыраулар болған. Мысалы, 1982 жылы режиссер Теренс Янгтың «Инчхон» атты эпикалық фильмін сыншылар өте қатты сынап, оны «корей пропагандасы» деп атаған еді. Өндіруші студия 44 миллион долларлық бюджетімен қоса, шамамен 3,5 миллион доллар ғана табыс тапты. Бұл фильмнің үлкен шығынға ұшырауы Голливудтағы авторлық еркіндік дәуірінің аяқталуына себеп болды деп саналады.
1990 жылдары жарық көрген «Остров головорезов» фильмі де осындай жағдайға тап болды. Фильм түсіру процесі кезінде көптеген актерлерді алмастырып, 100 миллион долларлық бюджет жұмсады. Соған қарамастан, прокаттағы табысы небәрі 10 миллион долларды құрап, фильм өндіруші студия Carolco Pictures-тің банкрот болуына әкеп соқты. Бұл фильм қазіргі сыншылардың қызығушылығын оятқанымен, сол кезеңдегі көрермендерден қолдау таппады.
Осындай фильмдердің бір мысалы – 1999 жылы жарық көрген «Тринадцатый воин». Фильм продюсерлер мен режиссер арасында көптеген қайшылықтарға ұшырап, үлкен шығынға батты. Бірақ, араб дипломаты Ахмед Ибн Фадлан рөліндегі кейіпкер арқылы Голливудтағы мұсылман кейіпкерлеріне деген жаңашыл қадам жасалды деп саналады.
Әйгілі коммерциялық сәтсіздіктер арасында уақыт өте келе көрермендердің сүйікті туындысына айналған фильмдер де бар. Бірақ олардың бірқатары әлі күнге дейін өздерін ақтай алмай келеді. «Джокер» сиквелі осындай фильмдердің қатарында өз орнын алды.