Палестиналықтар үшін жиналған қаржы есебінен үй мен көлік сатып алған, ҚМА Перизат Қайратқа қатысты жаңа деректер жариялады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Перизат Қайрат ісіне қатысты жаңа деректер анықталды / коллаж: kursiv.media

Волонтерлік қозғалыс белсендісі Перизат Қайратқа қатысты тергеу аясында жаңа заңсыз әрекеттер анықталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

ҚМА тергеу мәліметіне сәйкес, 2023 жылдың қараша айында Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинауды ұйымдастырған.

Алайда, желтоқсан айында Перизат Қайрат жиналған қаражатқа «Sensata Plaza» элиталық тұрғын үй кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге жаңа «Mercedes-Benz EQE500 4 Matic» автокөлігін сатып алғаны анықталды.

Сонымен қатар, қаражаттың бір бөлігі БАӘ-де «Rolex», «Prada» және «Fendi» брендтік бутиктерінен зергерлік бұйымдар, сағаттар және киім-кешек сатып алуға жұмсалған.

Осы жағдайға байланысты Перизат Қайрат 200 миллион теңгеден астам қаржыны иемденді деп күдіктенеді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Еске сала кетейік, 14 қарашада «BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайраттың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Бұған дейін, KURSIVMEDIA қор жетекшісінің қайырымдылықтан бөлек қандай бизнеспен айналысқаны туралы анықтап көрді.

Сондай-ақ оқыңыз