Жаңалықтар

Трамп 27 жастағы Каролин Ливитті Ақ үйдің баспасөз хатшысы ретінде тағайындады

Каролин Ливитт Ақ үйдің ең жас баспасөз хатшысы / фото: Instagram/karolineleavitt

АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп Ақ үйдің баспасөз қызметінің басшысы ретінде 27 жастағы Каролин Ливитті тағайындады. Бұл оны АҚШ тарихындағы ең жас президенттің баспасөз хатшысы етеді. Бұл туралы BBC арнасы хабарлады.

Ливитт Трамптың 2024 жылғы сайлауалды науқаны кезінде оның баспасөз қызметін басқарған. Сонымен қатар, ол Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде сол кездегі баспасөз хатшысы Кейли Макинанидің көмекшісі қызметін атқарған.

Трамп Ливиттің «ақылды әрі табанды» екенін, сондай-ақ, халыққа президенттің көзқарасын тиімді жеткізе алатынын айтты. Оның айтуынша, Ливитт американдықтарға Трамптың елді қайта ұлы ету жөніндегі бастамаларын түсіндіруде үлкен үлес қоспақ.

Каролин Ливитт Нью-Гэмпшир штатындағы Жаңа Англия өңірінен шыққан және Сент-Ансельм католик колледжінде коммуникация және саясаттану мамандықтары бойынша білім алған. Студент кезінде Fox News арнасында тәжірибеден өтіп, мансабын Ақ үйдің баспасөз қызметінде қатардағы қызметкер және сөз жазушы ретінде бастаған. Кейін ол баспасөз хатшысының көмекшісі болды.

Politico басылымына берген сұхбатында Ливитт Ақ үйде және Fox News арнасында алған алғашқы тәжірибесінің баспасөз хатшысы ретінде мансабын құруға ықпал еткенін айтты.