Astana IT University қабырғасында Қазақстанның әр өңірінің мектеп командаларының басын қосқан II «Chess Class» Олимпиадасы өтті. Турнирді Freedom Broker компаниясының қолдауымен KazChess/Қазақстан Шахмат федерациясы мен «Chess Legends LTD» ЖК өткізді.
Биылғы жылы жарысқа Қазақстанның 12 аймағының 35 командасына және Астана қаласының 19 командасына өкілдік ететін 174 ойыншы қатысты. Турнирдің жүлде қоры 3 000 000 теңге, жарыс аясында швейцариялық жүйе бойынша 7 тур өтеді.
Турнирдің ашылу салтанаты басшылардың құттықтау сөзінен және KazChess пен Astana IT University арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюдан басталды. Келісім студенттерге шахмат білімін беруді дамытуға және шахматты кеңінен таратуға бағытталған бірлескен іс-шараларды өткізуге бағытталған.
«Федерация мектеп оқушылары арасында шахматты дамытуға ерекше көңіл бөледі: біз бұл ойынды бастауыш сыныптарда үйрету ісін алға бастырып, жыл сайын мұғалімдерді оқытамыз және мұғалімдер мен оқушыларға арнап бүгінгідей турнирлер өткіземіз. Дәстүрге айналған Chess Class олимпиадасы адал ойынның, салауатты бәсекелестіктің, спорттық рухтың және қызықты партиялардың нышаны болады. Білім беру шахматын дамыту – әлемдік тренд және Қазақстан оның көшбасшыларының бірі болып отыр», – деп атап өтті KazChess атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.
Биылғы олимпиадаға қатысатын әр команда төрт мектеп оқушысынан және бір мұғалімнен тұрады. Қатысушылар жас санаты ескеріліп 17, 14, 12 жасқа дейінгі тақталарға бөлінген, 4-ші тақтада қыздар ойнаған. Сондай-ақ мұғалімдер 5-ші тақтада, рейтинг бойынша шектеусіз өзара жарысқан.
7 турдың қорытындысы бойынша турнир жеңімпазы және 900 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық иегері Павлодар қаласының №29 мектебі атанды. 2-5 орындарды сәйкесінше РФМШ, NIS IB, С. Демирель атындағы мектеп-интернат-колледжі және Талғар қаласындағы А. Байтұрсынов атындағы №7 мектеп-лицейі иеленді. Сонымен қатар әр тақта бойынша ең үздік үш ойыншы марапатталды.
II «Chess Class» Олимпиадасы – Қазақстанның білім беру жүйесінде шахматты кеңінен таратудың ауқымды бағдарламасының бір бөлігі. Қазіргі уақытта KazChess бейіндік ведомстволармен және серіктестермен ынтымақтаса отырып, 550 мектепте 1-ші сыныптарға арнап «Шахмат негіздері» бағдарламасын енгізді, 42 мектепте бағдарламаны 2-ші сыныптарға енгізу жалғасып жатыр.
Арнайы әзірленген бағдарлама бойынша 700-ден астам мұғалім тегін оқып жатыр, оқу шеңберінде оларға онлайн курстар және біліктілкті арттыру курстары ұйымдастырылған. Жоғары оқу орындарымен бірге «Шахмат педагогы» minor бағдарламасы әзірленіп жатыр, ол 2025-2026 оқу жылында іске қосылады деп жоспарланған.
Сонымен қатар Федерация мен SDU University бірлесіп оқушылардың математикалық қабілетіне шахматтың әсерін зерттеуге бағытталған ғылыми зерттеу жүргізіп жатыр.