Lifestyle

Шымкенттік «Ордабасы» футбол клубы жеті легионерімен қош айтысты

«Ордабасы» футбол клубы жеті легионерімен қош айтысты / фото: архив kursiv.media

Шымкенттік «Ордабасы» футбол клубы ресми Instagram парақшасында жеті легионерімен қош айтысқанын мәлімдеді. Команда құрамын жаңартып, жас ойыншыларға мүмкіндік беруді жоспарлап отыр.

«Ордабасы» биылғы маусымды трофейсіз аяқтады. Клуб Қазақстан чемпиондығын қорғай алмай, төртінші орынға ие болып, Конференциялар лигасына жолдама алды. Маусым соңында шымкенттік клуб бразилиялық қорғаушы Режинальдо, колумбиялық Кристиан Товар украиналық қорғаушы Игорь Пластун, хорватиялық жартылай қорғаушы Ловро Цвек, украиналық шабуылшы Артем Беседин және беларуссиялық ойыншылар Сергей Игнатович пен Всеволод Садовскиймен қоштасты. Сонымен қатар клубтан кеткен ойыншылар қатарында қазақстандық Максим Федин мен Айбол Әбікен бар. Барлық ойыншының келісімшарттары аяқталған.

«Ордабасы» басшылығы әр ойыншыға команданың жетістіктеріне қосқан үлестері үшін алғыс білдірді. Артем Беседин мен Всеволод Садовский клуб сапында 2022 жылдан бері ойнаса, қалған футболшылар биыл қосылған болатын. Әзірге ойыншылардың қайда ауысатыны белгісіз.

Еске сала кетейік, Мемлекеттік сатып алулар мәліметі бойынша, шымкенттік «Ордабасы» футбол клубына жыл басынан бері 4 млрд 300 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар шымкенттік «Ордaбасы» футбол командасының дайындығы мен олардың 2024 жылы УЕФА Еуропа Лигасы мен УЕФА конференциялар Лигасына қатысуын қамтамасыз ету мақсатында 1 млрд 71 млн теңге бөлінді. Бірақ маусым барысында клуб бұл мақсаттарды орындай алмады.

Сонымен қатар бұған дейін мемлекеттік бюджеттен шетелдік спортшыларға, яғни легионерлерге қаражат бөлінбейтін тиісті заңдық норманы Үкімет қолдаған еді.