«Қазатомөнеркәсіп» «Буденовское» кен орнының тағы бір уческесінде уран барлау құқығын алды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
уран
Фото: «Қазатомөнеркәсіп» АҚ, бильд-редактор Артур Алескеров

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы Буденовское кен орнының «Солтүстік» учаскесінде 6 жыл уран барлау құқығын алды. Компания жер қойнауын пайдалану құқығын тағы 5 жылға ұзарта алады. Бұл туралы баспасөз қызметі хабарлайды.

Кен орнының «Солтүстік» учаскесінде ураннның ірі қоры бар. Орналасқан аумағы геологиялық барлау жүргізуге де ыңғайлы. Оған қоса жұмыс істеп тұрған кен орындарына жақындығы табысты және ұзақ уақыт игеруге мүмкіндік береді.

«Қазатомөнеркәсіптің» Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов бұл жоба Қазақстанның уран өндіру саласын дамытудағы маңызды кезең боларына сенімді.

Осы учаскеге жер қойнауын пайдалану құқығы тек «Қазатомөнеркәсіпке» тиесілі. Алдын ала бағалау бойынша Р1 және Р2 санаттары бойынша учаскедегі уран ресурсы 100 мың тоннадан асады. Болашақта ресурстарды нақтылау және оларды жоғары санаттарға (С1 және С2) ауыстыру жоспарланған.

«Уранға әлемдік сұраныстың артуы жағдайында бұл жоба жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және Қазақстанның атом энергетикасының әлемдік нарығындағы ұстанымын нығайтуға қосылған маңызды үлес болады», – делінген хабарламада.

«Буденовское» кен орны туралы не белгілі?

Кен орны Түркістан облысының Созақ ауданындағы Шу-Сарысу уран аумағында орналасқан.

Бұл кен орны сонау Кеңес өкіметі тұсында зерттелген. Ал «Буденовское» бірлескен кәсіпорны №6 және №7 кеніштерін қазуға 2020 жылдың 16 қазанында рұқсат алған. Келісім бойынша қазу жұмыстарын жүргізу мерзімі 2045 жылдың күзіне дейін ұзартылған.

2022 жылдың желтоқсанында «Росатом» компаниясы «Газпромбанктің» несие қаржысына «Буденовское» БК-ның 49% үлесін 1,6 млрд долларға сатып алған.Қалған 51% үлесі қазақстандық «Қазатомөнеркәсіпке» тиесілі.

Кен орны уран қоры бойынша ең ірі кеніш саналады, әлемде екінші орында тұр. «Буденовское» уран кен орнынан өндірілетін шикізат алдағы екі жыл бойы тек Ресейге жөнелтіледі.

Сондай-ақ оқыңыз