Ресейдің Азия елдерімен сауда-саттығында рубльдің үлесі артып, 43,6%-ға жеткен. Бұл туралы Ресей орталық банкінің мәліметіне сүйене отырып, РБК сайты жазады.
Қазір рубль Азия елдерінен келген импорт үшін есептескен валюталар құрылымында 43,6% үлесті иеленеді. Бұл көрсеткіш Мәскеу биржасында доллармен сауда-саттық тоқтатылуғалы бері алғаш рет 40%-дан асқан.
Азия елдерімен сауда-саттық – Ресейдің сыртқы саудасының негізгі бағыты. Азиямен саудада рубльдің қолданылуына АҚШ санкциялары, Ресейде доллар мен еуро саудасының тоқтатылуы себеп.
Ресейдің Орталық банкі валюталардың құрылымын 2019 жылдан бері жариялап келеді. Деректер географиялық бағыттар бойынша бөлінген: Азия, Америка, Африка, Еуропа, Кариб теңізі бассейні және Мұхит елдері. Есепте рубльдің «достық пейілдегі емес» елдер валюталары (негізінен доллар мен еуро) және «достық пейілдегі» елдер валюталарының (юань, рупий, дирхам және т.б.) үлесі көрсетілген.
2024 жылдың III тоқсанында рубльдің үлесі 43,6%-ды құрап, тоқсан ішінде 6,4%-ға, ал бір жылда 20,2 пайыздық тармаққа өсті. «Достық пейілдегі» елдер валюталарының үлесі 44,1% деңгейінде қалған. Алайда бұл 2023 жылдың I тоқсанынан бергі ең төменгі көрсеткіш.
Доллар мен еуроны қолдану тұрақты түрде төмендеп, 2024 жылдың III тоқсанында ең төменгі деңгейге – 12,3%-ға дейін жетті.
Жалпы импорт құрылымы:
- Рубль – 46,1% (2019 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш).
- Доллар мен еуро – 21,1% (ең төменгі көрсеткіш).
- «Достық» елдердің валюталары – 32,8% болған.
АҚШ Мәскеу биржасына қарсы санкция енгізген соң, Ресейде АҚШ доллары, еуро және Гонконг долларымен сауда жасау тоқтатылды. Сосын Ресей Орталық банкі юаньді елдегі негізгі шетел валютасы деп таныды.