Абхазияда қарсылық акциясына шыққандар мемлекеттік телеарнаны басып алуға тырысқан

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Абхазияда қарсылық акциясына шыққандар мемлекеттік телеарнаны басып алуға тырысқан
Абхазияда қарсылық акциясына шыққандар мемлекеттік телеарнаны басып алуға тырысқан / Фото: shutterstock

Абхазияда наразылық білдірушілер мемлекеттік телеарнаны басып алмақ болған. Телеарна ғимаратының күзетшілері оларды бірнеше ескерту оғын атып тоқтатқан. Бұл туралы Абхазия басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

18 қараша күні түнде бір топ адам Сухумидегі Абхазия мемлекеттік телерадиокомпаниясының ғимаратын басып алуға тырысқан. Ғимаратқа көлікпен келіп, телекомпания ғимаратына кіруге тырысқан азаматтарды күзетшілер тоқтатқан. Орталық жағдай тұрақталып, «жұмыс штаттық режимде» жалғасып жатқанын хабарлаған.

Бұған дейін Абхазия оппозициясы республика басшылығымен қақтығыс кезінде президент Аслан Бжанияның отставкасын талап етіп, уақытша үкімет құруға ниет білдірген. 

Бжания болса оппозициямен келісімге келуге дайын екенін айтқан. Дағдарыстан шығу үшін аймақта кезектен тыс сайлау өткізуді ұсынған. 

«Сайлау Абхазияның көпұлтты халқы президент ретінде кімді көргісі келетінін көрсетеді. Мәселені осылай шешу керек», – деді Бжания.

Алайда наразылық білдірушілер Бжанияның сайлау өткізу туралы ұсынысын құптамай, оның биліктен толық кетуін талап етті.

Наразылық Ресей Федерациясымен инвестициялық келісімнен кейін басталған. Құжатқа сәйкес, Абхазия аумағында Ресей компаниялары салықтық жеңілдіктерге ие болып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыра алады. 

15 қарашада жүздеген наразылық білдірушілер үкімет ғимараты алдына жиналып, келісімшартты ратификациялаудан бас тарту және Бжанияны отставкаға жіберу туралы талап қойды. Наразылық кезінде бірнеше оппозиция өкілі ұсталып, кейіннен босатылды.

Абхазия – ресми түрде Грузия аумағына кіретін аймақ. 2008 жылы Ресей әскери күштері қолдауымен егемендігін жария еткен. Қазақстан ресми Абхазияның тәуелсіздігін мойындаған емес, оны Грузияның аймағы деп таниды.

Сондай-ақ оқыңыз