Жаңалықтар

Алмасбек Садырбайдың қамалуына Ауыл шаруашылығы министрінің қатысы бар ма?

Алмасбек Садырбайдың қамалуына Ауыл шаруашылығы министрінің қатысы бар ма?
Алмасбек Садырбайдың қамалуына Ауыл шаруашылығы министрінің қатысы бар ма? / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алмасбек Садырбайдың қамауға алынғанына өзінің қатысы жоқ екенін айтты.

«Біріншіден, бұған біздің ешқандай қатысымыз жоқ. Ал құқық қорғау органдары ұстап жатса, не үшін қамағандарын өздері білетін болар», – деді министр Мәжіліс отырысынан кейін журналистер сауалына жауап беру кезінде.

Сапаров Қаржы мониторинг агенттігінің министрліктен құжаттар сұрамағанын, тергеуге шақырмағанын айтты. Себебі субсидия бөлу құқығы министрліктен жергілікті әкімдіктерге берілген.

«Субсидия бөлу мәселесімен 2023 жылдан облыстық әкімдіктер айналысады. Сондықтан облыстық әкімдіктегі жауапты адамдар сұрайтын шығар. Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия бөлмейді, тек қажетті ережелерді бекітеді», – деді министр.

Бұған қоса, ол субсидия алған кезде барлық жауапкершілік бірлестік жетекшілерінің мойнына артылатынын атап өтті. Яғни кооператив басшысы құжатқа қол қойып, алған 1,2 млрд теңгені бірлестік ішіндегі қожалықтарға таратып беру міндетін мойнына алады.

Айта кетейік, Қаржы мониторинг агенттігі Алмас Садырбайды кооперативке біріккен шаруа қожалықтарының атынан субсидия алған деген күдікпен ұстады. Қамауға алынбай тұрып, Садырбайдың өзі оның үстінен іс қозғалуына олигархтардың қатысы барын айтқан. Саяси белсенді Санжар Боқаев оның қамалуына министр Айдарбек Сапаровтың да қатысы бар деген ойымен бөліскен.