Жаңалықтар

«Азық-түлік корпорациясы» неліктен шаруалар астығын қымбатқа сатып алмайды?

Азық-түлік корпорациясы неліктен шаруалар астығын қымбатқа сатып алмайды?
«Азық-түлік корпорациясы» неліктен шаруалар астығын қымбатқа сатып алмайды? / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Азық-түлік корпорациясы» компаниясы астық өндіретін шаруаларды шығынға батырмас үшін олардың өнімдерін қымбатқа сатып алмайды. Себебі қымбатқа сатып алған жағдайда өзі шығынға батуы мүмкін. Бұл пікірді Мәжілістегі депутаттармен кездесу кезінде премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин айтты.

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев шетелге тікелей экспортқа шыға алмайтын шаруалардың мәселесін көтеріп, олардың өнімін «Азық-түлік корпорациясы» өзіндік құнымен сатып алу керек екенін айтқан.

Алайда премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бағаны бұлай өзгерте салуға болмайтынын айтты. Әрбір баға Бәсекелестікті қорғау агенттігімен келісіп қойылатынын атап өтті. Оның айтуынша, корпорацияда экспортқа шығуға көмектесу үшін 10 млрд теңге бөлінген.

«Азық-түлік корпорациясы қымбатқа сатып алсын дейді. Бірақ ол мемлекеттік ұйым ғой. Ол қымбатқа алса, мемлекетке шығын келеді де, аудит тексерулер басталады. Түбінде шаруалардың өзі далада қалады», – деді вице-премьер.

Ол корпорацияның шағын фермерлердің өнімдерін сатып алатынын, оны экспортқа шығаратынын айтты. Бұған қоса, корпорацияда 500 мың тонна стратегиялық қор барын атап өтті.

Сондай-ақ Жұманғарин мемлекет экспорттық тауарларға субсидия бөлметінін айтады. Тек экспортты қолдау бағдарламалары болады. Ол келесі аптада бекітілуі тиіс.