Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі еліміздің әр өңіріндегі 26 кен орнында пайдалы қазбаларды өндіруге электронды аукцион өткізеді. Аукцион 2025 жылы 29 қаңтарда e-qazyna.kz порталында өтеді.
Министрлік ақпаратына сүйенсек, алтын, күміс, марганец, полиметалл, темір титан, көмір, асбест, түсті тастар, бор және барит өндіретін 26 кен орнында өндіріс жұмыстарын жүргізу құқығын сатып алу үшін 15 қарашадан кейін minerals.e-qazyna.kz жүйесіне өтініш беру қажет.
Айта кетейік, 25 кен орнында өндіріс жұмыстарын жүргізу құқығының бастапқы сомасы 1 846 000 мың теңге ретінде көрсетілген. Ал Қызылорда облысында орналасқан Бурабай-Жалғызағаш кен орнынан полиметалл өндіру құқығын алудың бастапқы сомасы 30 362 614теңге деп көрсетілген. Алайда жылдық жиынтық табыс 2 ай ішінде өсіп үлгерсе, өңірдің дамуына міндетті салықтан бөлек, қосымша қаржы бөлуі қажет.
Аумағы бойынша ең көлемді кен орны Қарағанды облысында орналасқан көмір өндіретін Дубовкий шахтасы (28 шаршы метр) болып отыр.
Өндіріске рұқсат алған аукцион жеңімпаздары кен орындарының жер қойнауына осыған дейін келтірілген зиянды жоюы қажет.