Қазақстандағы Ресей елшілігі соңғы 7 жылда азаматтық алғандарды ант беруге шақырды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қазақстандағы Ресей елшілігі азаматтарын ант беруге шақырды
Қазақстандағы Ресей елшілігі азаматтарын ант беруге шақырды / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандағы Ресей Федерациясының елшілігі 2017 жылдан кейін Ресей азаматтығын алған адамдарды өз еліне ант беруге шақырды.

Елшіліктің телеграмм-арнасында пайда болған ақпаратқа сүйенсек, 21 қарашада «Ресей Федерациясы азаматтығы туралы» заңындағы өзгерістер күшіне еніп, ел азаматтары Ресей азаматы ретінде ант береді. Заңға 2023 жылдың 22 қарашасында президент Владимир Путин қол қойған.

Ант беру туралы талап Ресей заңнамасына 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап енгізілгенімен, ол міндетті болмаған. Енді Ресей азаматы болып танылу өкілетті орган шешім шығарғаннан күннен бастап емес, адам ант берген күннен бастап есептеледі.

Айта кетейік, 2017 жылдың 1 қыркүйегіне дейін азаматтық алған адамдар ант бермей-ақ қойса болады. 

«2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2023 жылғы 22 қарашаға дейін шетелде азаматтыққа қабылданған және ант бермеген отандастарымызды осы мәселе бойынша азаматтыққа қабылдау туралы өтініш берілген Ресейдің шетелдік мекемесіне дереу жүгінуге шақырамыз», – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, 15 қарашада Ресей думасының депутаттары ел азаматтығын алған 14 жастағы балалардан бастап елге ант беруі қажет екенін айтқан. Бұған қоса, ант беруден бас тартқан жағдайда немесе шешім қабылданған кезден бастап бір жыл ішінде ант бермесе, азаматтық күшін жою ұсынылған.

Сондай-ақ оқыңыз