Тбилисиде Грузия оппозиция өкілдері қаладағы Варазисхеви көшесі мен Чавчавадзе даңғылы қиылысындағы жолды жауып, Тбилиси мемлекеттік университеті ғимаратының жанында лагерь құрды.
Наразылық білдірушілер 24 сағат бойы осы лагерьде отыруды жоспарлап отыр. Олар 26 қазанда өткен Парламент сайлауының нәтижесімен келіспейді. Оппозиция өкілдері университет аумағы наразылық білдірушілердің алғашқы аялдамасы ғана екенін, алдағы уақытта оқу орнына іргелес көшелерді жабуды көздейтінін айтуда.
«Өзгерістер үшін» коалициясы жетекшілерінің бірі Ник Гварамия халықты нақты әрекет етуге шақырған.
«Серуендеу, митинг өткізу, бәрі аяқталды! Отанымызды қайтарамыз! Бізде көп уақыт жоқ! Грузия халқының қолдауымен Еуропаға барамыз! Жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз», – деді ол.
Руставели даңғылындағы Грузия парламенті ғимаратының жанында «дауысыңды қайтар» митингісі де өтіп жатыр. Оған өткен парламенттік сайлауда бақылаушылар рөлін атқарған ҮЕҰ өкілдері, студенттік қозғалыстар және оппозиция өкілдері қатысқан. Акция басталғанға дейін бірқатар жоғары оқу орындарының атынан манифест оқылды, онда студенттер сайлау ұрланған деп есептеп, өз дауыстары үшін күресуге ниетті екендіктерін атап өткен.
26 қазанда өткен парламент сайлауында ресейлік идеологияны қолдайтын «Грузин арманы» партиясы жеңіске жетіп, оған халықпен оппозиция наразылық білдірген. Ел президенті Саломе Зурабишвили халықты көшеге шығуға шақырған.