Алматыда көліктердің 45%-ы улы және түтін газдарының нормаларына сәйкес келмейді
Алматы қаласы әкімдігінің мамандары қаладағы көліктердің экологиялық талаптарға сәйкестігін тексеру үшін мониторинг жүргізді. Соның нәтижесінде тексерілген автокөліктердің 45%-ы улы және түтін газдарының нормаларына сәйкес келмейтіні анықталды. Бұл туралы қала әкімдігі баспасөз қызметі хабарлады.
Мониторинг 30 қазан мен 8 қараша аралығында жүргізіліп, барлығы 882 көлік тексерілді. Олардың 398-і белгіленген экологиялық талаптарға сай болмай шықты. Әкімдік артықшылық мөлшерін нақтыламаса да, бұл көліктердің қалдық газдарының рұқсат етілген нормадан асып кеткені белгілі болды.
Қалалық билік өкілдері мониторинг нәтижелері қалада экологиялық бақылауды күшейту және көлік иелерінің жауапкершілігін арттыру қажеттігін көрсететінін атап өтті. Ережені бұзғандарға әкімшілік хаттамалар толтырылып, 11 автокөліктің нөмірлік белгілері тәркіленді. Бұл көлік иелері ақауларын жоймайынша көлікті пайдалана алмайды.
2024 жылы Алматы әкімдігі қаланың экологиялық жағдайын жақсарту үшін 10,8 млрд теңге бөлген болатын. Бұл қаражатқа жасыл желектер тізілімін жаңарту және оны қолдау, өсімдіктерге күтім жасау, апатты ағаштарды кесу, автокөліктерге мониторинг жүргізу сияқты шаралар жоспарланған еді.