Жаңалықтар

Қалыңмалды қандай жағдайда мәһрге жатқызуға болады? ҚМДБ пәтуа шығарды

Қалыңмал қандай жағдайда мәһр болу мүмкін? / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақ халқының дәстүрлі салтында қалыңмал – қалыңдық үшін ата-анасына берілетін сыйлық. ҚМДБ бірнеше ғалымдардың пікіріне сүйене отырып, қалыңмалдың мәртебесі жөнінде пәтуа шығарып, қалыңмалды ислам шариғатындағы кей жағдайда мәһрге жатқызуға болатынын түсіндірді.

Мәһр деген не?

Ислам дінінде мәһр – ер адамның қалыңдығына арнайы сыйлығы ретінде беріледі. Мәһр – бұл әйелдің жеке меншігіне тиесілі зат және ажырасқан жағдайда қайтарылмайды. Ислам мәһрді – әлсіз әрі нәзік әйелдің жеке мүлкі етіп белгілеген. Ол оны жалғыз, қорғансыз қалған жағдайда (жесір қалса немесе ажырасып кетсе) немесе материалдық, мұқтаждық көрген жағдайда қажетін өтеуі үшін жаратуы мүмкін. 

Қалыңмал деген не?

Қалыңмал – қазақ халқының дәстүрлі ғұрыптық салтындағы қалыңдық үшін берілетін мал. ҚМДБ мәліметінше, Фиқһ кітаптарында ұзатылып жатқан қызға жиһаз әперу үшін күйеу жігіт тарапынан берілетін мал-мүлікті «дустиман» деп атайды.

Қалыңмал қандай жағдайда мәһр ретінде саналады?

Дәстүрге сай, қалыңдыққа күйеу жігіт тарапынан берілетін қалыңмалды қыздың келісімі бойынша мәһрге жатқызуға болады, яғни ата-анасына берілетін қалыңмалды қалындық мәһр қылып қабылдаса ғана. Кейбір ғалымдардың айтуынша, мұндай жағдайда күйеу жігіт қыздың артынан жиһаз немесе жасау сұрауға құқығы болмайды, өйткені қалыңмал мәһр ретінде есептеледі.

«Күйеуі тарапынан берілетін қалыңмалды қыздың разылығымен мәһрге жатқызуға және артынан алып баратын жасауына пайдалануға болады.

«Әке еңбегі», «ана сүті» секілді қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік (кәдесый, т.б.) мәһрге жатпайды», делінген ҚМДБ хабарламасында.

Осылайша, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының пәтуасына сәйкес, қалыңмалды қалындықтың келісімімен мәһр ретінде есептеуге болады. Мәһр – бұл тек екі жас арасындағы сыйлық емес, сонымен қатар әйелдің жеке құқығы мен мүлкін қорғауға бағытталған исламның маңызды талабы.

Еске сала кетейік, бұған дейін ҚМДБ 2025 жылға арналған діни мерекелер кестесін жариялаған еді. ҚМДБ мәліметінше, 2025 жылы Ораза айы наурыздың 1-29 аралығына түсіп отыр.