Жаңалықтар

Танымал кореялық «Шайн мускат» жүзімі зиян ба? Министр Айдарбек Сапаров жауап берді

Кореялық «Шайн мускат» жүзімі зиян ба? / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Танымал кореялық «Шайн мускат» жүзімі зиян ба? Бұл сұраққа бүгін, 18 қараша күні Мәжіліс кулуарында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жауап берді.

Министрдің айтуынша, Қазақстанға әкелінетін барлық өнім сертификаттармен бірге келеді және зертханаларда сынақтан өтеді.

«Әрбір келген өнімнен сынамалар алынып, зертханада толық тексеріледі. Осы ретте, зертханамызды жаңа құрылғылармен күшейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мысалы, қазір ветеринария саласына тоғыз жаңа құрал сатып алып жатырмыз. Бұл шаралар өнім сапасын тексеруді жеңілдетеді», – деді Айдарбек Сапаров.

Сонымен қатар министр елдің аузында жүрген жүзімді өзі әлі дәмін көрмегенін, алайда қосымша тексеріс жасауға тапсырма беретінін айтты.

«Бүгінгі күні шекарадан өткен өнімдер сертификатталған және барлық құжаты бар деп ойлаймын. Егер заңсыз жолмен өткен жағдай болса, ол басқа мәселе. Бүгін комитет өкілдеріне корейлік жүзімді тағы бір рет тексеруге тапсырма беремін, нәтижесін қосымша хабарлаймыз», – деді министр.

Бұдан бөлек Ауыл шаруашылығы министрі мәжіліс кулуарында 2025 жылдан бастап қазақстандық фермерлерге көктемгі-күзгі дала жұмыстары үшін субсидия берілмейтінін айтты. Оның орнына енді жеңілдетілген несие беріледі.