Жаңалықтар

Байден неге Киевке Ресей аумағын зымыранмен атқылауға рұқсат берді?

«Бұл демократтардың ішкі аудиторияға жасаған месседжі болуы ықтимал. Өйткені майданға қатты әсер етпейді/Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

АҚШ Президенті Джо Байден Киевке ATACMS зымырандарын Ресейге қолдануға ақыры рұқсат берді. Тек Курск облысында. Өйткені онда Солтүстік Корея әскерлері соғысып жатыр екен. Сонымен қатар Джо Байден Ақ үйдің кілтін жаңа қожайын Доналд Трампқа тапсырғанша, АҚШ Украинаға уәде еткен барлық әскери көмекті табыстауға ұмтылмақ. Бірақ әскери сарапшылардың пікірінше, бұл шешімдер – тек қана саяси ойын, бұдан майданға келіп-кетер пайда шамалы.

Бұл майданға қандай өзгеріс әкеледі?

Айталық, қазақстандық әскери сарапшы, саясаттанушы Аман Мәмбетәлиевтің айтуынша, бұл шешім майданға ешқандай өзгеріс әкелмейді. Әскери тұрғыдан пайдасы шамалы. Мұны тек АҚШ-тың демократиялық партиясының ішкі месседжі, Украинаға моралдық қолдау ретінде ғана қабылдау қажет.

«Курскіге Солтүстік Корея әскері ұрысқа қатысып жатыр. Екі-үш аптада Ресей белсенді шабуыл жасап, көп жерін қайтарып алды. Курскіні айтпағанда, украиналық майданда да үстем түсіп, бірнеше маңызды елдімекендерді алды. Украинаның жағдайы күннен-күнге қиындап бара жатыр. Өйткені резервтің саны азайып отыр. Қарсы соққы беруге мүмкіндігі сарқылған», – дейді сарапшы.

Аман Мәмбетәлиевтің пікірінше, Украинаға берілген ATACMS-тардың саны шектеулі. Небәрі 50 кешен бар. Соңғы деректерге сүйенсек, бұдан да аз.

«АҚШ-та сайлау өтті. Президент ауысады. Яғни саясат өзгереді. Бұл демократтардың ішкі аудиторияға жасаған месседжі болуы ықтимал. Өйткені майданға қатты әсер етпейді. Бұл мәлімдеме ретінде ғана мықты қадам», – дейді сарапшы.

Саясаттанушының айтуынша, майданға әсер еткісі келсе, бұл қадамға ертерек барып, қару санына шектеу қоймай, үзіліссіз әскери көмек беруі қажет еді.

«Мұны жасаған жоқ. Бұл шешімді Украинаға көмек деп қабылдау да қиын. Өйткені рұқсат бергенмен, ол қарулардың саны тым мардымсыз. Оның жартысының көбі қолданылып қойылған. Қазір Украинаның шығыс майданындағы жағдай нашарлап жатса, оны Курскіде қолданудан не пайда? Одан да мұны Украинадағы майданда қолдану жақсырақ емес пе?», – деп сауал тастайды сарапшы.

Трамптың ұлы неге алаңдаулы?

Дейтұрғанмен, Байденнің бұл шешімі АҚШ-та түрлі пікір тудырып отыр.

«АҚШ-тың әскери-өнеркәсіп кешені менің әкем бейбітшілік орнатып, адамдарды құтқаруға мүмкіндік алғанша, Үшінші дүниежүзілік соғыстың басталғанын қалайды. Триллиондаған долларды бұғаттау қажет. Адам өмірі ешкімді алаңдатпайды. Жарыместер!», – деп жазды Х әлеуметтік желісіне кіші Трамп.

Кіші Трамптың бұл сөзін демократтар мен республикалықтар арасындағы бірін-бірі тілмен түйреп қалудың бір көрінісі десек те, бұл соғыстың екі ел арасындағы жанжал болудан қалғаны әсте құпия емес. Айталық, Ресей жағында Солтүстік Корея ашық жанжалға тікелей араласты. Ресей бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, олардың саны – 5 мың таңдаулы әскер. Ал Украина президенті Владимир Зеленскийдің дерегінше, 11 мыңға дейін жетеді. Киев Иранның Шахед әскери дрондарынан шығын көп келгенін айтып жүр.

Украина да қолдаудан кем емес. Мәселен, қыркүйек айының соңында «G7+Украина» Еуропалық одақ және 30-дан астам Украинаны қалпына келтіру және қайта құрылымдау жөнінде біріккен декларация қабылдады. 2024 жылдың соңына дейін Киевке экономикалық және әскери көмек ретінде 50 млрд доллар беруге келіскен.