Жаңалықтар

Маңғыстауда Sax Invest қаржы пирамидасының бөлімше басшысы қамалды

Маңғыстауда 100-ден астам салымшыны құрығына түсіріп, 1 млрд теңгені қалтасына басып алған/Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті өзін «Африкадағы алмаз өндіру жөніндегі жаһандық халықаралық жобаның қатысушысы ретінде көрсеткен» Sax Invest қаржы пирамидасы бөлім басшыларының үстінен сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Бұл компания өздерін инвестициялық қор, құнды қағаздар, қаржы құралдарын, басқа да активтерді ұстаушы ұйым деп атаған. Бірақ ешқандай тіркеуден өтпеген. Қаржы нарығында қызмет атқаруға лицензиясы бар ұйымдардың тізімінде болмай шыққан.   

Қаржылық мониторинг агенттігі Sax Invest-тің таза қаржы пирамидасы екенін анықтап отыр. Белгілері де айқын. Мәселен, жарнамаларын қарша боратып, 24-36%-ға дейін жоғары табыс табуға болады деп сендіруге ұмтылады. Бірақ қаржылық жағдайы, активтері, құралдары туралы ешқандай ақпарат көрсетпейді.

Бес жыл ішінде Маңғыстауда 100-ден астам салымшыны құрығына түсіріп, 1 млрд теңгені қалтасына басып алған. Ал астаналықтар 9 млрд теңге салыпты.

Пирамиданың құрылымын басқарған азамат ұсталып, қамауға алынды.

«Қазіргі кезде тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201 бабына сәйкес, басқа ақпарат жариялауға жатпайды», – делінген құзырлы органның хабарламасында.

Сонымен қатар пирамиданың негізгі ұйымдастырушысы С. Меңдіғалиевке халықаралық іздеу жарияланып отыр.

Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидаларының белгісін тексеруге болатын телеграм ботты іске қосқан. Сондай-ақ мұндай жобалардың тізімі агенттіктің сайтында жарияланып тұрады.