Жаңалықтар

Украина Мәскеуге дрондармен шабуыл жасады

Ресейдің қорғаныс министрлігінің мәліметінше, түнде Ресей аумағына 59 украиналық дрон шабуыл жасапты/Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мәскеу мэрі Сергей Собянин 18 қарашаға қараған түнде Ресей астанасына дрондармен шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, Ременский ауданында бір ұшқышсыз ұшатын аппаратты әуе шабуылына қарсы әскери күштер атып құлатқан. Бұл туралы The Moscow times хабарлады.

Мэрдің сөзіне қарағанда, ешкім зардап шекпеген. Бүліну дерегі тіркелмеген.  

Собяниннің айтуынша, Павловский Посадта екінші дрон құлаған.

«Оқиға орнында шұғыл қызмет мамандары жұмыс істеп жатыр», – деп жазды ол телеграм арнасында.

Бірақ зардап шеккендер мен инфрақұрылымдардың бүлінгені жөнінде ләм-мим демеген.

Ресейдің қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 18 қарашаға қараған түнде Ресей аумағына 59 украиналық дрон шабуыл жасапты. Екі дрон – Мәскеуге, 45 дрон – Брянск облысына, алтауы – Курскке, үшеуі – Белгородқа және үшеуі Тулаға ұшырылған.

Айта кететін жайт, 10 қарашада Мәскеуге 32 аппарат шабуыл жасаған еді. Собяниннің айтуынша, олардың бәрі атып құлатылыпты. Бірақ сынықтардың кесірінен Становое елдімекенінде екі үй жанып кеткен.  Бір әйелдің денесін күйік шалып, ауруханаға жатқызылған. Подольск ауданына 10 дрон шабуылдаған еді.

Мұның алдында АҚШ президенті Джо Байденнің Украинаға Батыс қаруымен Ресей жерін атуға рұқсат бергені туралы жазғанбыз.