Жаңалықтар

Қазақстан Гонконг пен Вьетнамға астық сатуды көздеп отыр

бидай бағасы
Қазіргі уақытта Қазақстан 4 елге бидай эскпорттап отыр / Фото: kursiv.media 

Қырғызстан Қазақстаннан бидай сатып алуды азайтты. Осыған дейін елден 500 мың тоннаға дейін астық алатын қырғыз елі соңғы уақытта сатып алуды қысқартқан. Бұл жайында премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин айтты. Десе де келер жылдан бастап Қазақстан экспорт көлемін арттырып, Гонконг пен Вьетнамға да бидай  сатпақшы.

Алдымен вице-премьер Қазақстанның қай елдерге астық жеткізетінін атап өтті. Мәселен, Батыс Еуропа мен Солтүстік Африкаға шамамен 1,5-2 млн тонна бидай жөнелтіледі. Батыс Ауғанстан мен Шығыс Иранға да осындай көлемде астық экспортталады.

«Біздің дәстүрлі түрде жеткізетін Орталық Азияға, көршілес елдерге 6-8 млн тонна бидай кетеді. Өзбекстанға барып келдім, онда 3,5 млн тонна жіберуге уағдаластық. Бұрын Қырғызстан 500 мың тонна алатын, соңғы кездері ала алмай жүр. Бірақ біртіндеп алуды бастап жатыр. Қазір Тәжікстан бидайды жақсы алып жатыр. Қытайға 2 млн тонна  жібереміз, бірақ бұл жолы жаңа маршрутаттар»,- деді Серік Жұманғарин Мәжілісте өткен комитет отырысында.

Премьер-министрдің орынбасары 2025 жылы Гонконг пен Вьетнамға бидай сату жоспарланып отырғанын айтады.

«Жылдың басында Иран нарығына қайтадан келдік. Ол жаққа астық апармағанымызға 3-4 жыл болған еді. Келесі жылдың басында Синьцзянда (Қытай) кездесу болады.  Гонгонктың басшысы келеді. ШҰАР-дың (Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы) басшысы болады. Гонконг пен Вьетнамға бидайды апаратын жоспарларымыз бар. Контейнерлер арқылы жеткіземіз. 2 млн 100 мың тонна (бидай) бұл 2 айда экспортқа «Қазақстан темір жолы» арқылы шығарылған. Осындай тенденция бола берсе, болашаққа 12 млн тонна (бидай) экспортқа шығарамыз»,- деді вице-премьер.

Ал «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Асылхан Джувашевтың айтуынша, еліміз 4 мемлекетпен бидай жеткізуге келісімге келген.

«4 елге – Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан, Ауғанстанға 250 мың тонна бидай экспортталады. Бұл – бір айдың көрсеткіші. Келісімшарт қарашада жасалған», – деді басқарма төрағасы.

Айта кетейік, Қазақстанның экспорттық бағытқа арналған 12 млн астығы бар. Оның 7,5 млн тоннасы бидай. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев бұл көлемді Қазақстан Түркия, Иран, Ауғанстан, ЕО елдеріне жеткізетінін айтқан еді. Сонымен бірге Пәкістан, Индонезия, Бразилия, Малайзия нарықтарына жеткізу үшін келіссөздер жүргізіліп жатқаны мәлім болды. Одан бөлек министрлік өкілі Арменияға 600 мың тонна, Италияға 1 млн тонна, Солтүстік Африка елдеріне 200 мың тонна бидай экспорттау мәселесі шешіліп жатқанын айтты.