Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин мен Салтанат Нүкенованың өлімі үшін сотталған Қуандық Бишімбаевты не байланыстырады? Осыған дейін қайғылы оқиға орын алған «Гастро-орталықтың» құрылтайшысы болған вице-министр Бишімбаевпен бизнес серіктестігі жайлы ақпаратқа түсініктеме берді.
Вице-министр мемлекеттік қызметке келгенге дейін бизнеспен айналысқанын айтады. Ал бір жыл бұрын қайғылы оқиға орын алған «Гастро-орталықта» шенеуніктің үлесі болған.
«Мемлекеттік қызметке бизнестен келдім, түрлі жобаларға инвестиция салдым. Қазір бұл жобаның құрылтайшысы емеспін. Бізді не байланыстырады дегенге келсек. (Бишімбаевтың отбасы- ред.). Иә, бәріміз «Болашақ» бағдарламасының түлектері болғандықтан, жобаларымыз туралы мәліметті өзара бөлісіп, үнемі кездесіп отырамыз. Сол себепті осы бағдарламаның түлектері ретінде араласамыз. Бізді байланыстыратын жалғыз осы жоба шығар. Тағы да қайталап айтайын, ол нысанда қазір құрылтайшы емеспін«, – деді вице-министр Мәжіліс кулуарында.
Журналистер вице-министрден кісі өлімінен кейін, ойын-сауық мекемесі ретінде жұмысын жалғастыруға қатысты да пікірін сұрады.
«Бұл енді жаңа құрылтайшылардың шешімі болу керек, сондықтан мен ештеңе айта алмаймын»,- деп қысқа қайырды Төлеушин.
Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы Bau мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды. Президент Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын.
Мамыр айында Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі шықты. Экс-министр Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («қинау») бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы («аса қатыгездікпен адам өлтіру») бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды.