Morgan Stanley стратегі Майк Уилсон S&P 500 индексінің 2025 жылдың соңына қарай 11%-ға өсуін күтіп отыр. Evercore ISI сарапшылары қор нарығының өткен аптадағы құлдырауының жаңа себебін атады – бұл АҚШ қаржы министрі қызметіне талас. 18 қарашадағы әлемдік БАҚ шолуынан осы және өзге де тақырыптарды оқи аласыз.
Майк Уилсон S&P 500-ге қатысты болжамын 6 500 тармаққа дейін көтерді
Reuters агенттігінің мәліметінше, Morgan Stanley стратегі Майк Уилсон S&P 500 индексі бойынша 2025 жылдың соңына дейінгі базалық болжамын 6 500 тармаққа дейін көтерді, бұл қазіргі деңгейден шамамен 11%-ға жоғары. Уилсон кейінгі жылдары пессимистік болжамдарымен танымал болған еді. Оның алдыңғы болжамы 5 400 тармақ деңгейінде болған.
Дүйсенбі, 18 қараша күні Уилсон жазбасында АҚШ акцияларының табысы келесі жылы да жалғасатынын, мұны монетарлық жеңілдету циклі мен экономикалық көрсеткіштердің жақсаруы қолдайтынын атап өтті.
«Сайлаудан кейін корпоративтік оптимизмнің ықтимал өсуі 2025 жылы табыстың нарық бойынша теңдестірілген бөлінуіне ықпал етуі мүмкін», – деп жазды ол.
Уилсон әлі де «сапалы циклдік активтерге» қатысты оптимистік көзқараста.
АҚШ қаржы министрі қызметіне талас қор нарығын құлдыратты
Market Watch басылымының мәліметінше, АҚШ-тың қаржы министрін тағайындауға қатысты туындаған түсініксіз жағдай қор нарығының құлдырауына себеп болды. Қаржы министрінің кім болмағы мемлекеттік облигациялар нарығы үшін аса маңызды.
Evercore ISI сарапшылары Сара Бьянки, Кришна Гухи және Мэтью Акс бұл жағдай өткен аптада акциялардың сатылуына түрткі болғанын, сондай-ақ алтын мен биткойнға қолдау көрсеткенін мәлімдеді.
«Біз қаржы министрін тағайындау мәселесіне қатысты алаңдаушылықты бейсенбі және жұма күндеріндегі нарықтың әлсіреуіне ықпал еткен негізгі фактордың бірі болды деп есептейміз. Бұл ФРЖ басшысы Пауэллдің пайыздық мөлшерлемелерге қатысты жоспарға сақтықпен қарауына әсер етті. Мұның өзі Трамптың саясатына қатысты белгісіздіктің нәтижесі», – деп жазды сарапшылар.
Алғашында қаржы министрі қызметіне хедж-қор басшысы Скотт Бессент, Cantor Fitzgerald компаниясының бас директоры Говард Лутник және ФРЖ-ның бұрынғы басшысы Кевин Уорш үміткер болды. Кейін үміткерлер қатарына Теннеси штатынан республикашыл сенатор Билл Хагерти мен америкалық заңгер әрі саясаткер Роберт Лайтхайзер қосылды.
18 қарашада трейдерлер Бессенттің жеңісіне 36%, Лутниктің жеңісіне – 28%, Уорштың мүмкіндігіне – 21%, ал Хагерти мен Лайтхайзердің мүмкіндігіне сәйкесінше 4% және 3% ықтималдық берді.
Мұнай бағасы 3%-ға өсті
Аптаның басталғанда Brent маркалы мұнай бағасы 3,3%-ға өсіп, бір баррелі 73,3 долларға жетті. Бұл өсім Норвегиядағы Йохан Свердруп мұнай кен орнында мұнай өндірудің тоқтатылуы туралы жаңалықтармен байланысты деп хабарлады Reuters. Аталған оқиға Ресей мен Украина арасындағы шиеленістің күшеюімен сәйкес келді. Бұл шикізат жеткізіліміне әсер етуі мүмкін.
Equinor компаниясының кен орнындағы өндіріс электр қуатындағы іркілістерге байланысты тоқтатылған. Компания өкілі өндірістің қашан қайта басталатынын нақты айта алмады.
Сондай-ақ трейдерлер өткен демалыс күндері Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың күшеюіне назар аударды. MST Marquee энергетикалық сарапшысы Сол Кавониктің айтуынша, АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі Украинаның Ресейдің ішкі аумағына, атап айтқанда мұнай инфрақұрылымы орналасқан Курск облысына соққы беру үшін америкалық қару қолдануына рұқсат берді.
Super Micro акциялары тоғыз айдағы ең жоғары көрсеткішке жетті
Жаңа апта бастала сала Super Micro Computer компаниясының акциялары 27%-ға өсіп, соңғы тоғыз айдағы ең жоғары деңгейге жетті. Мұндай күрт өсім компанияның жасанды интеллектіге негізделген SuperCluster деректер орталығының іске қосылуы туралы хабарландырудан кейін орын алды. Бұл орталықта Nvidia компаниясының жаңа Blackwell жартылай өткізгіш платформасы пайдаланылады.
Market Watch басылымының мәліметінше, инвесторлар сервер өндіруші және жасанды интеллект әзірлеуші компанияның NASDAQ биржасынан делистингтен аман қалатынына сенім білдірген. Super Micro бас директоры Чарльз Лян компанияның әлемдегі ең ірі 100 мың графикалық процессордан тұратын сұйықтықпен салқындатылатын деректер орталықтарын іске қосу тәжірибесін атап өтті.
Сондай-ақ бұл ақпарат компания өкілдерінің делистингке жол бермеу үшін барлық шараларды қабылдайтыны туралы мәлімдемелері акциялардың өсуіне ықпал етті.