Liberty Energy акциялары өсті: Трамп компания басшысын энергетика министрі етіп тағайындамақ
18 қараша, дүйсенбі күні, энергетика секторына қызмет көрсетумен айналысатын Liberty Energy компаниясының акциялары шамамен 5%-ға қымбаттап, бір акцияның бағасы 17,7 долларға жетті. Мұндай өсім Дональд Трамптың компанияның негізін қалаушы әрі бас директоры Кристофер Райтты АҚШ энергетика министрі қызметіне тағайындау туралы ұсынысынан кейін байқалды деп хабарлады MarketWatch.
Әлбетте, Кристофер Райт бұл ұсынысты қуана қабылдады. «Мен үшін мұндай қызметке кандидат болу – үлкен мәртебе. Елге қызмет етуге және азаматтарды арзан әрі сенімді энергиямен қамтамасыз ету миссиясын жалғастыруға мүмкіндік алғаныма ризамын», – деді ол.
Райт кандидатурасын Сенат мақұлдағанша, Liberty Energy компаниясындағы директорлар кеңесінің төрағасы және бас директоры қызметтерін жалғастыра береді.
Алайда, сейсенбі, 19 қараша күні таңғы сауда кезінде компания акциялары шамамен 1,3%-ға төмендегені байқалды.
Liberty Energy 2011 жылы құрылған. Мұнай мен табиғи газды барлау және өндірумен айналысатын компанияларға қызмет көрсетеді. Компания гидравликалық жару технологиясын қолдана отырып, бұрын мүмкін болмаған ресурстарды өндіру мүмкіндігін ұсынады.
Кристофер Райт мұнай және газ кен орындарын игеруді барынша қолдайтын адам. Associated Press мәліметінше, ол климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл шараларына жиі қарсы шығып, қазбалы отын саласын дамытуды жақтаған.
Сонымен қатар Oklo ядролық реакторларын өндіруші компанияның директорлар кеңесінің құрамында бар. Бұл компанияны OpenAI басшысы Сэм Альтман құрған. 18 қараша күні Oklo акциялары да 15%-ға қымбаттап, 20,7 долларға жетті.
MarketWatch мәліметі бойынша, Liberty Energy акцияларын 14 сарапшы қадағалайды. Олардың 6-ы сатып алуды ұсынды, 8-і акцияны ұстап тұруға кеңес берді. Орташа мақсатты баға – 21 доллар, бұл акцияның 19%-ға дейін өсу әлеуеті барын көрсетеді.