Қазақстандағы ірі алтын өндіруші компаниялардың бірі – «Алтыналмас АҚ» қарапайым акцияларына 68,9 млрд теңге дивиденд төлемек. Бұл туралы Қазақстан қор биржасына орналастырылған хабарламада жазылған.
68,9 млрд теңге дивиденд 2023 жылдың І жартыжылдығындағы қызмет нәтижесі үшін төленеді. Әр акцияға 7155 теңгеден келеді. Қаржы 2 желтоқсаннан бастап аударыла бастайды.
Компания бұған дейін де 2023 жылдың І тоқсаны үшін 52,9 млрд теңге төлейтінін хабарлаған. Ал 202 жыл үшін дивиденд төлемеген.
«Алтыналмас» Қазақстандағы ең ірі 3 алтын өндіруші компанияның қатарына кіреді.
Қазақстан қор биржасындағы мәліметке сәйкес, компания қарапайым акцияларының 67,5%-ы GOUDEN RESERVES B.V. компаниясы тиесілі. Ал 22,5%-на – миллиардер Владимир Жұманбаев иелік етеді. Сонымен қатар 2023 жылғы қаржы есебінде Дияр Қанашев – 10,5%, Игорь Ветиул – 6,5% акцияға иелік ететіні жазылған.
2023 жылдың соңында «Алтыналмас» тобына бас компания мен 21 еншілес ұйым енген. Олар геологиялық барлау жүргізу, алтын құрамды кенді өндіру және өңдеу; бағалы металдарды барлау, өндіру және өңдеу бойынша қазақстандық және шетелдік өндірістерді салу және қайта жаңартумен айналысады.
Топтың активтері Жамбыл, Қарағанды, Абай (бұрынғы Шығыс Қазақстан) және Ақмола облыстарында орналасқан. Былтыр «Алтыналмас» 23 лицензия мен келісімшарт бойынша пайдалы қазбаларды барлау және өндіру құқығын иеленген.