Алтын өндіруші Solidcore Resources геологиялық барлау жүргізетін компанияға 96 млн доллар кредит берді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Колллаж: kursiv.media, бильд редактор Ахтам Зиперов

Ірі алтын өндіруші Solidcore Resources plc (бұрынғы Polymetal) Bai Tau Mineral (BTM~ компаниясына геологиялық барлауға 96 миллион доллар (шамамен 48 млрд теңге) кредит берген. Бұл туралы компанияның баспасөз хабарламасында жазылған.

Solidcore мәліметінше, BTM Қазақстанда 15-тен астам мыс және алтын кен орынына иелік етеді. Бұл кен орындарының аумағы жалпы 1000 шаршы шақырымнан асады. Қарағанды облысындағы Бесшоқы және Жетісу облысындағы Шығыс Балқаш-2 кен орны – кен қоры мол, даму қарқыны жоғары негізгі активтер.

Қарыз BTM мен осы қаражат есебінен қаржыландырылатын еншілес компаниялардағы үлесін кепілдікке қою арқылы берілген. Solidcore бұл компаниялардағы үлесті иеленуге қатысты кез келген мәміледе басымдыққа ие болады.

Несие үш жылға берілген. Бұл Solidcore-ге активтердің қаржы және техникалық мүмкіндіктерін талдап, болашақта сатып алу немесе инвестиция салуға қатысты шешім шығаруға мүмкіндік береді.

Bai Tau Minerals компаниясы акцияларының 36%-ы шетелдік GRA Investment Ltd компаниясына, 33,92%-ы – Тимур Исаевқа, ал 29,41%-ы – Бхамре Прасадқа тиесілі (қай елдің азаматы екені нақты көрсетілмеген, бірақ Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар). Bai Tau Minerals-тың соңғы бақылаушы иесі – Сербия азаматы Владимир Делич.

Bai Tau Minerals Бесшоқы кен орнында барлау жүргізетін Ulmus Besshoky мыс компаниясына иелік етеді. 2023 жылы компания 326,3 млн теңге шығынға ұшыраған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе көп. 2024 жылдың 14 ақпанында Ulmus Besshoky белгісіз кредитордан 8 миллиард теңге көлемінде төрт жылдық қарыз алғаны белгілі болды. Бұл қаражат компанияның айналым капиталы мен Бесшоқы мыс кен орнын зерттеу жұмыстарын қаржыландыру үшін пайдаланылады.

Ресейдегі бизнесін сатқан Solidcore Қазақстандағы ең ірі алтын өндіруші компания болып тұр. Ең ірі акционер – Оман үкіметіне тиесілі Mercury Investments International қоры басқаратын омандық инвесторлар консорциумы (29,7%-ға иелік етеді).

Сондай-ақ оқыңыз