Соңғы жылдары қазақстандықтардың криптобиржа, криптовалюталарға деген қызығушылығы артқан. Ұлттық банк жүргізген зерттеуге сәйкес, 1,5 млн адам Қазақстанда тіркелмеген биржаларда криптоактив саудасымен айналысып жүр.
Қазақстанда түрлі криптовалюталарды «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО)тіркелген биржаларда ғана сату-сатып алуға рұқсат. Алайда криптоға қызығатындардың басым бөлігі шетелдік сауда алаңдарын таңдап, АХҚО юрисдикциясынан тыс криптобиржаларға тіркелген.
Бұл ретте сарапшылар олардың көпшілігі, әсіресе, біліктілігі жоқ инвесторлар, хакерлік шабуылдарға, алаяқтық схемаларға және жалған активтерге тап болатынын айтады. Соның салдарынан қаржысынан айырылады.
Қазақстанда криптовалюта саудасы қалай реттеледі?
Қазақстанда криптобиржаларды реттеу мәселесі 2020 жылы қолға алынған. Сол жылы «Ақпараттандыру туралы» заңға криптоактивтерді реттейтін негізгі ережелер енгізілген. Онда «Цифрлық актив», «қамтамасыз етілген цифрлық актив», «қамтамасыз етілмеген цифрлық актив», «майнинг» сияқты негізгі ұғымдар айқындалды. Осы заңға сәйкес, цифрлық активтер Қазақстанда заңды төлем құралы емес. Заңды түрде тіркеліп, майнингпен айналысуға рұқсат берілгенімен, криптоактивтер саудасына тыйым салынды.
Қазақстанда арзан электр энергиясын пайдаланып криптовалюта өндірген майнерлер оларды шетелге сатып, тапқан табысынан салық төлемеді. Бұл жайт Қазақстанға өзінің криптовалюта экожүйесін қалыптастыра бастауға итермеледі.
2023 жылы «Цифрлық активтер» туралы заң қабылданып, криптовалюта саудасымен «Астана» халықаралық қаржы орталығында ғана айналысуға рұқсат берілді. Ал АХҚО-дан басқа жерде қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер айналымына тыйым салынған.
Қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің бәрі ел аумағындағы заңды төлем құралы ретінде танылмайды. Криптовалюталар, стейблкоиндар, токенделген активтер, цифрлық қаржы активтері (ЦҚА), NFT де қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерге жатады.
Бұл ретте «цифрлық актив», «қамтамасыз етілген цифрлық актив»,
«қамтамасыз етілмеген цифрлық актив» анықтамаларына редакциялық
өзгерістер енгізілді. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымына тек АХҚО аумағында рұқсат етілетіні нақты айқындалған.
АХҚО-да қанша криптобиржа тіркелген?
2023 жылғы қаңтар – 2024 жылғы тамыз аралығында АХҚО-да тіркелген 10 криптобиржа мен 3 криптоброкер, 1 крипто басқарушы 8 қазақстандық банк арқылы 704 млн АҚШ долларына тең операция жүргізген. АХҚО криптобиржаларына қазір 100 мыңнан астам клиент қатысып отыр, оның 90%-ы – жеке клиенттер.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2023 жылы бюджетке цифрлық активтер индустриясынан шамамен 9 млрд теңге, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында цифрлық майнинг индустриясынан 3,5 млрд теңге салық түскен.
Ұлттық банк ұсынысы қандай?
Алайда Ұлттық банк жүргізген зерттеуде мамандар қазіргі шектеулерден еш нәтиже болмай отырғанын жазады. Өйткені олар криптовалюталармен жасалатын операцияларды толық бақыламайды. Әлемдік тәжірибе криптовалютаға тыйым салу тиімсіз екенін көрсеткен. Мамандардың айтуынша, теңгерімді реттеуді қолға алған ұтымды болмақ.
Осы ретте бас банк цифрлық қаржы активтерін дамыту, нақты активтерді токендеу және инновациялық технологияларды Қазақстанның цифрлық экономикасына ықпалдастыруды ұсынады.
«Тәуекелдерді азайту және азаматтардың «сұр» арналардан лицензияланған криптобиржаларға көшуі үшін Қазақстан аумағында тиісті инфрақұрылым құру талап етіледі. Жаңа қауіпсіз қаржы құралдарына қол жеткізуді қамтамасыз ету және ұлттық реттеуші деңгейінде олардың қызметін бақылау мен қадағалауды қоса алғанда, инфрақұрылымдық субъектілердің қызметін реттеуді бекіту маңызды. Бұл капиталды шығаруды және бақыланбайтын криптовалюталық алаңдар арқылы ақшаны жылыстатудың алдын алады», – деп жазады зерттеу авторлары.
Мәселен, қазіргі уақытта нарықта токенделген активтерге және цифрлық қаржы құралдарына жоғары сұраныс байқалады. Бұл инновациялар капитал тарту, инвестициялық портфельдерді әртараптандыруға және өтімділікті арттыруға ықпал ете отырып, қаржы нарығының мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуі мүмкін. Активтерді токендеу компанияларға акциялар,облигациялар және жылжымайтын мүлік сияқты дәстүрлі қаржы құралдарының цифрлық баламаларын шығаруға мүмкіндік береді, бұл осы активтерге қол жеткізуді жеңілдетеді және инвесторлар үшін кедергілерді азайтады.
Қазақстанда криптоиндустрияны реттеудің толыққанды және теңгерімді режимін дамыту үшін Ұлттық банк сарапшылары мынандай ұсыныс айтып отыр:
- криптовалюталық өзіндік тәуекелдерін ескеретін және олардың экономикаға ықпалдасуына ықпал ететін «ақылды реттеу» қағидаттарын енгізу;
- халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға назар аудару;
- AML және KYC бойынша есептеулер мен түсінікті тетіктер мен талаптар әзірлеу;
- нарыққа қатысушылар үшін, әсіресе, инвесторлар мен тұтынушылар үшін қаржылық тәуекелдерді барынша азайту мақсатында құқықтық қорғауды қамтамасыз ету;
- нақты активтер мен цифрлық қаржы активтерін токендеуді заңнамалық түрде бекіту, бұл экономикалық өсу және инвестициялар тарту үшін жаңа мүмкіндіктер жасайды.
Бұған дейін Ұлттық банк Төрағасы Тимур Сүлейменов еркін криптовалюта саудасы пен крипто айырбастау пункттеріне рұқсат беруді ұсынған. Оның айтуынша, қазақстандықтардың криптовалюталарға еркін инвестиция салуына жағдай жасайтын кез жетті.