Банк пен қаржы

Мемлекеттік компаниялар валюталық түсімінің 50%-ын сатуға тиіс: Ұлттық банк теңгені қолдаудың жолын тапты ма?

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банк квазимемлекеттік компанияларға валюталық түсімінің 50%-ын нарықта сату талабын қайта енгізбек. Осылайша қараша айында қатты құнсызданған төл теңгені қолдаудың жолын тапқандай.

Ұлттық банк мемлекеттік компаниялар түсімі қызып тұрған валюта нарығының отын көсейтін ұзын көсеу ретінде пайдаланбақ. Яғни мұнай мен түрлі қазба байлықты шетелге экспорттайтын компаниялар негізінен доллармен есептесетіні белгілі. Шикізат сатудан түскен долларды валюта нарығына шығарса, биржада доллардың үлесі артады. Ал ұсыныс көп болған жерде, көкқағаз құны да арзандап, теңге нығаяды.

ҰБ Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, бас банк валюта нарығындағы теңгерімділікті арттыру мақсатында осындай шешімге келген. Әйтпесе валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімінің бұзылуы инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізіп жатыр. Ал бұл инвестициялық жобалардың қымбаттауына және жалпы инфляциялық қысымның артуына алып келеді.

Сол себепті квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімдерінің 50%-ын міндетті түрде сату талабы қайта енгізіледі. Қазір Үкімет қаулысы мен Ұлттық Банктің бұйрығы әзірленіп жатыр, жақын күндері қабылдануы тиіс.

Валюталық түсімдерді міндетті түрде сату талабы алғаш рет 2020 жылы енгізілген. Оған сыртқы жағдайлардың нашарлауы себеп болды. 2023 жылдың ақпанында міндетті сату мөлшерлемесі 75%-дан 50%-ға, ал шілдеде 50%-дан 30%-ға дейін төмендеді. Алайда макроэкономикалық жағдайдың өзгеруіне байланысты 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін уақытша тоқтатылған. Ұлттық банк бұл талапты «шоктарды бәсеңдету үшін жедел қолдануға болатын тиімді құрал» деп есептейді.

Теңге неге құнсызданды?

Ұлттық банк соңғы уақытта ішкі және сыртқы факторлардың жиынтығы теңгенің әлсіреуіне алып келді деп есептейді. Сыртқы факторлар деген – жаһандық экономиканың құбылуы, АҚШ долларының дамушы валюталараға қатысты нығаюы және мұнайдың арзандауы.

«Мұнай нарығында да пессимистік көңіл-күй байқалып отыр. Бұл әлемдік сұраныстың баяу қалпына келуі мен ОПЕК+ тарапынан ұсыныстың өсуі күтілуіне байланысты. Соның нәтижесінде мұнай бағасы барреліне 71-72 АҚШ доллары деңгейіне дейін төмендеді», – деп түсіндіреді бас банк.

Ішкі факторлар: экономикалық агенттер тарапынан шетел валютасына сұраныстың артуы және валюта нарығында квазимемлекеттік сектор тарапынан ұсыныстың шектелуі әсер еткен.

«Шетел валютасына сұраныстың өсуі жалпы экономикалық белсенділіктің, оның ішінде сыртқы экономикалық белсенділіктің артуына байланысты. Сондай-ақ оған бюджет шығыстарының артуы мен квазимемлекеттік компаниялардың инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға шығындарының ұлғаюы сеп болып отыр. Осы фактордың барлығы импорттың өсуіне, сәйкесінше, шетел валютасына сұраныстың артуына ықпал етеді», – делінген хабарламада.

Бұған дейін бас банк нарыққа араласуға дайын екенін бірнеше рет мәлімдеді. Өткен сауда-саттықта доллар бағасы 498 теңге деңгейінде тұрақтап, айырбастау пункттері 501 теңгеден сатқан.