2025 жылы 8 миллион қазақстандық кірістері мен мүлкін міндетті декларациялаудан босатылады. Қаржы министрі Мәди Такиевтің бұл ұсынысын премьер-министр Олжас Бектенов қолдады.
Үкімет отырысында министр Мәди Такиев осы санаттағы жеке тұлғалардың 90%-ын декларациялаудан босату туралы ұсыныс айтты. Ведомство басшысының мәлімдеуінше, бүгінде алғашқы үш кезеңде жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне 4,8 млн адам, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, коммерциялық ұйымдар, квазимемлекеттік сектор басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары енген.
2025 жылы декларация тапсыруға тиісті қалған 8 миллион адамның деректер базасын цифрландырып, қолма-қол ақшасыз төлемдердін жетілдіру қажет. Сол себепті министр активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларан босату туралы ұсыныс тастады. Бұл осы санаттағы жеке тұлғалардың 90%-дан астамына әсер етеді.
Премьер-министр Олжас Бектенов бұл ұсынысты қолдап, Қаржы, Ұлттық экономика және Әділет министрліктеріне үш күн ішінде заңнамаға қажетті түзетулер дайындауды тапсырды. Сондай-ақ оларды Парламенттің қарауына енгізу қажет.
«2025 жылы барлық қалған санаттағы азаматтар декларация тапсырады деп жоспарланған болатын. Бұған халық алаңдаушылық білдірді. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың деректер базасы барынша цифрландырылған. Жалпы алғанда, жеке тұлғалардың активтері бойынша барлық ақпарат бар. Қаржы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері тіркеу және салықтық бақылау үшін барлық цифрлық базалардан, оның ішінде екінші деңгейлі банктерден мәліметтер алуды қамтамасыз еткені жөн. Сондықтан 2025 жылы азаматтардың қалған санаттарын активтер туралы декларацияларды міндетті түрде тапсырудан босату туралы қаржы министрінің ұсынысын қолдаймын», — деді премьер-министр Үкімет отырысында.
Десе де кейбір санаттағы тұлғалар үшін декларация тапсыру өз күшінде қалады. Мәселен, Қазақстан аумағынан тысқары жерлерде активтері бар, бір жыл ішінде құны 20 мың АЕК (74 млн теңге) астам сомаға дүние не қызмет түрін сатып алған, дербес салық салынатын табысы бар азаматтарға декларация міндетті болмақ. Айта кетейік, декларациялау құқығы азаматтарға ерікті түрде беріледі.
2024 жылдың қыркүйек айында Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі аясында есеп тапсыру аяқталған болатын. Кірістері мен мүлік туралы есеп тапсырмағандарға ескерту жасалды. Ал кейін есепшоттары да бұғатталуы мүмкін.