Жаңалықтар

Қазақстанға бананның 70%-ы Ресейден келеді: доллар бағасының өсуі қымбатшылыққа алып келе ме?

Доллар бағасының өсуі қымбатшылыққа алып келе ме?
Доллар бағасының өсуі қымбатшылыққа алып келе ме? / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Доллар бағасының өсуі Қазақстанда тауарлардың қымбаттауына алып келмейді. Бұл туралы Үкімет баспасөз алаңында Сауда министрі Арман Шаққалиев айтты. Оның айтуынша, тіпті тропикалық жемістерді елге жеткізуде де қиындық туындамайды. Министр Қазақстанға келетін бананның да 70%-ы Ресейден алынып отырғанын айтты.

Министрдің сөзінше, Қазақстанның негізгі сауда серіктестері доллармен есеп айырыспайтындықтан, шетелден тауар әкелу қиындамайды.

«Біздің негізгі сауда серіктестеріміз Еуразиялық одақ елдері: Ресей, Беларусь пен Қырғызстан. Олармен доллармен төлем жасамаймыз. Ресеймен рубль-теңге төлемін жасаймыз. Ал Қытаймен юань-теңге. Сондықтан доллардың өсуіне байланысты елге қандай да бір тауар келмейді деп айта алмаймыз», – деді министр.

Айта кетейік, 18 қараша күні Қазақстанда доллар бағасы 500 теңгеге дейін көтерілді. Ұлттық банк ақпаратына сүйенсек, доллар бағасының өсуіне ішкі және сыртқы фактор әсер еткен.

Сыртқы фактор ретінде реттеуші орган мұнай бағасының түсуі мен жаһандық экономиканың құбылуын көрсетті. Ал ішкі фактор ретінде Ұлттық банк шетел валютасына сұраныстың артуын және валюта нарығында квазимемлекеттік сектор тарапынан ұсыныстың шектелуі әсер еткенін атап өтті.