«Қазпошта» акционерлік қауымдастығы Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Аса ауылында қатты желден кейін, мүгедек болып қалған әйелден сотта жеңіліп қалды.
Оқиға 2023 жылдың көктемінде болған. Аса ауылындағы «Қазпошта» бөлімшесінің шатыры әйел адамның үстінен құлап, ауыр жарақат салдарынан 1 топтағы мүгедек болып қалған.
Бастапқыда «Қазпошта» әйелмен келісіп, оған 7 млн теңге көлемінде моральдық шығын төлеген. Алайда бұл сома әйел адамның шетелде емделіп, омыртқасын жөндеуге жасалған отасының еміне де жетпеген. Сондықтан ол компанияны сотқа берген.
Сотта компания өкілі 2021-2022 жылы құлаған шатырға жөндеу жүргізілгенімен, оны нақты кімнің жүргізгенін дәлелдей алмады, сондықтан «Қазпоштаның» өзі айыпты ретінде танылды.
«Сот акционерлік қауымдастық объектінің қауіпсіздігі мен пайдалануының тиісті деңгейін қамтамасыз етпеді деген қорытындыға келді, себебі компания ғимаратты күтіп ұстауға және шатырдың күрделі жөндеу жұмыстарын бақылауға жауапты», – деп шешім шығарды сот.
Осыған байланысты сот шешімімен «Қазпошта» зардап шеккен әйелге 18,5 млн теңге шығын өтеуі тиіс. Оның 8,5 млн теңгесі материалдық, 10 млн теңгесі моральдық зиян ретінде танылды.