Уақыт белдеуінің өзгеруі елордалықтардың коммуналдық төлеміне әсер етті ме?
Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуінің пайда болуы Астана тұрғындарының коммуналдық төлеміне қалай әсер етіп жатқаны туралы Сауда министрі Арман Шаққалиев айтып берді.
Шаққалиевтің айтуынша, елордалықтардың коммуналдық шығындарының өсуіне уақыт белдеуінің өзгеруі емес, қызметтер құнының артуы әсер еткен.
«Есепшоттағы өзгерісті бәріміз байқадық. Ұлттық оператор электр энергиясын қолдануға байланысты ақпарат ұсынған. Ол бойынша жарықты қолдану бар болғаны 4% өскен. Бұл қатты өзгеріс емес. Есепшотқа қызмет бағасының өсуі әсер етіп жатыр. Соңғы деректер бойынша 14% өскен», – деді Шаққалиев.
Министр балалар мектептен кеш қайтатынын мойындағанымен, олардың таңертең оянуы жеңілдегенін атап өтті. Себебі таңертеңгі ұйқыға бір сағат қосылған.
Бұдан бөлек, уақыт белдеуінің қазақстандықтар денсаулығына әсері туралы ғалымдар зерттеуіне және уақыт белдеуіне байланысты түсіндіру жұмыстарына Сауда министрлігі қаржы бөлмейтінін атап өтті.
Айта кетейік, осыған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қазақстандық ғалымдар уақыт белдеуінің өзгеруі денсаулыққа қалай әсер еткенін зерттейтінін айтқан еді. Оның айтуынша, алдымен ғылыми кеңес зерттеу туралы шешім қабылдап, кейін оның құнын есептейді. Зерттеу 3 жыл қатарынан жүргізіліп, содан кейін ғана нәтижесі толық жария болады.