Қырғызстан президенті Садыр Жапаров депутаттарға қызметтік көліктерді қайтарудан бас тартты
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров депутаттарға қызметтік көліктерді қайтару туралы ұсынысты қолдамады. Бұл туралы Конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылым, сот-құқықтық мәселелер және регламент жөніндегі парламент комитетінің отырысында белгілі болды.
Жоғарғы кеңес депутаттары «Жоғарғы кеңес депутатының мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасын қабылдамады. Бұған дейін Қырғызстан басшысы заң жобасын ескертулермен қайтарып, қайта қарауды тапсырған болатын. Алайда келісу комиссиясы ортақ шешімге келе алмады.
Қаржы министрінің орынбасары Жібек Дүйшеева заңды іске асыру үшін қосымша көліктер сатып алу мен жүргізушілер штатын көбейту қажеттігін айтты. Алайда 2025-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетте бұл мақсаттарға қосымша қаржы бөлу қарастырылмаған.
Дүйшееваның айтуынша, 2021 жылдың желтоқсанында Садыр Жапаров президент, парламент, Министрлер Кабинеті, Президент Әкімшілігі мен Жоғарғы кеңес аппаратының материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етілуіне жауап беретін біртұтас басқару жүйесін құрған.
Осы негізде Садыр Жапаров депутаттарға қызметтік көліктерді қайтару бюджеттің шығынын көбейтетіндіктен тиімсіз деп шешті.
Еске салсақ, 2021 жылы Садыр Жапаров республикалық бюджетті оңтайландыру туралы жарлыққа қол қойған болатын. Бұл жарлықта Жоғарғы кеңес депутаттарын қамтамасыз етуге жұмсалатын шығындарды қысқарту, министр орынбасарларының штаттық санын азайту, бюджеттік қаржы есебінен қызметтік көліктер сатып алуға тыйым салу, әкімшілік ғимараттар мен қызметтік бөлмелерге күрделі жөндеу жүргізуді тоқтату және шетелдік іссапарларды қаржыландыруға шектеу қою мәселелері қарастырылған еді.