Шығыс Қазақстан облысында Өскемен – Самар тасжолының 75-ші шақырымында Volvo жүк көлігі жарылды деп хабарлайды ШҚО полиция департаменті.
Ресми мәліметтерге сәйкес, көлікте Самар ауданындағы тау-кен жұмыстарына арналған жарылғыш заттар болған. Жарылыс салдарынан көлік жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.
«Қазіргі таңда оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Жарылыстың себептері мен мән-жайларын анықтау үшін сараптамалар тағайындалды. Оқиға облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауына алынды», – деп хабарлады ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тиісті органдардың мәлімдеуінше, тасымалдау қауіпсіздігі ережелері мен жарылғыш заттарды қолдану талаптары мұқият тексеріліп жатыр. Қайғылы жағдайдың нақты себептері тергеу аяқталғаннан кейін жария етіледі.