Шымкент қаласында сумен жабдықтау және су бұру жүйелері жекеменшіктен мемлекетке қайтарылмақ. Қала әкімдігі стратегиялық маңызы бар нысандарды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарының аясында «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ның қызметіне назар аударды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, 1996-1998 жылдары Шымкенттің сол кездегі басшылығы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жекешелендіру мақсатында сумен жабдықтау жүйелерін жеке секторға берген. Осының нәтижесінде 1998 жылы осы саладағы бірнеше ұйым бірігіп, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС құрылды. Компанияның бас директоры қызметіне 1995-1997 жылдары қала әкімі болған Анарбек Орман тағайындалды.
Компанияның директоры Анарбек Орманның айтуынша, қазіргі қала әкімі Ғабит Сыздықбеков рейдерлік әрекетпен кәсіпорынды тартып алмақ. Сондай-ақ 26 жыл бойы ешқандай мәселе туындамай, тек қазіргі әкім келгеннен кейін ғана компанияны мемлекетке қайтару туралы бастама көтерілгенін айтады.
«Біз бұл компанияны 1998 жылы құрдық, ол кезде стратегиялық нысандар туралы заң болған жоқ. Әкімдік тарапынан «стратегиялық нысан» деген сылтау айтылып отыр. Бірақ мен заңға сүйенген дәлелді талап етсем де, нақты жауап ала алмай отырмын», – дейді ол.
Қазіргі таңда компания акционерлерінің арасында Шымкент қаласының әкімдігі де бар. Әкімдік осы компания акцияларының 22,08%-ын иеленсе, Анарбек Орманның үлесі – 45,89%. Одан бөлек, компанияның өндіріс жөніндегі менеждері Р.Шамсутдинов 11,06% үлесті иеленсе, Б.Урмановқа 9% акция тиесілі.
Ал 2003 жылы бекітілген «Су кодексіне» сәйкес, қалаларды сумен жабдықтауды қамтамасыз ететін су тарту құрылыстары, сорғы станциялары, су құбырын тазартқыш құрылыстар тек мемлекет меншігі саналады, мұндай стратегиялық нысан жекеменшікке берілмеуі тиіс.
Әкімдік болса, жекеге заңсыз берілген нысандарды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жүргізіп жатқанын растады.
Әкімдік пен жекеменшіктің арасында бір жылға жуықтаған дау-дамайдан кейін Ұлыбриятанияның мәртебелі елшісі Кэтти Лич Шымкенттегі кәсіпорынға арнайы іссапармен келіп, Англияда осындай су саласының жекеменшік қолында екенін хабарлаған.
Бұл жағдай халықаралық дау тудыруы мүмкін. Себебі компанияның Еуропалық даму және қайта құру банкіне 12 млрд теңге берешегі бар екен. Анарбек Орманның айтуынша, халықаралық ұйым өзі инвестиция салған жобаның болашағына алаңдаулы және егер Шымкент әкімдігі кәсіпорынға қарсы заңсыз рейдерлік әрекетін тоқтатпайтын болса, халықаралық арбитражды сот процесін бастау қаупі бар.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкентте судың тарифі Астана мен Алматыға қарағанда бірнеше есе жоғары екенін жазған едік. Мысалы, Шымкентте тариф шамамен 97 тг/м3 болса, Астанада бұл көрсеткіш 1,5 есе арзан, яғни 65 тг/м3. Ал Алматымен салыстырғанда 2 есе жоғары.