Сирияда соғысқан Қазақстан азаматы Алматыға жеткізілді
Сирияда қарулы топтардың құрамында болған Қазақстан азаматы Алматыға жеткізілді. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Бас прокуратурамен бірлесіп халықаралық террористік ұйымның әрекетіне қатысы бар деген күдікке ілінген ҚР азаматын Анталия қаласынан Алматыға алып келді.
Комитеттің мәліметінше, ер адам Сирия елінен Түркияға көшіп, сол жерде полиция қызметкерлерінің қолына түскен. Ол Қазақстанға өз еркімен оралу туралы шешім қабылдап, қылмыстық жауапкершілік арқалауға дайын екенін мәлімдеген.
Сот санкциясымен күдікті қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұндай істерге байланысты заң аясында қатаң шаралар қолданылатынын ескертеді және терроризм мен экстремизмнің алдын алу бойынша жұмыс жалғаса беретінін атап өтті.