Крематорийлер мен колумбарийлерге жаңа талап қойылмақ

Жарияланды
Кремациядан кейін қалдықты колумбарийлар мен зираттарда сауыт ыдыста жерлеуге  рұқсат/Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Денсаулық сақтау министрлігі «Зираттарға және жерлеу мақсатындағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»  санитариялық қағидаларына өзгерістер әзірледі.

Соның ішіне крематорийлер мен колумбарийлерге, жерлеу бюросы, жерлеу қызметін көрсететін бюро-дүкендерге қойылатын талаптар көрсетілген жаңа бөлім қосылып отыр.  

Жаңа ереже бойынша, оқшауланған жер телімінде зираттың шегінен тыс жерде колумбарийлер мен қабырғаларды тұрғызуға болады. Бірақ тұрғын үйлер, емхана, балабақша және басқа да нысандардың ауласынан кем дегенде 50 метр қашықта орналасуы тиіс.

Кремациядан кейін қалдықты колумбарийлар мен зираттарда сауыт ыдыста жерлеуге  рұқсат. Крематорийлер мен колумбарийлер құрамында міндетті үй-жайлар тізімі де жарияланып отыр. Марқұмның денесін қабылдайтын бөлмеде тамбуры, вестибюлі, мұздатқыш камера және кремацияға дейін өлікті сақтайтын бөлек үй-жай болуы тиіс. Сонымен қатар, қағидада жұмыс істейтін қызметкерлердің және жаназаға жиналған көпшіліктің қауіпсіздігі, арнайы киімдері, ғимаратқа, үй-жайларға қажетті құрылғылар және басқа талаптар жіпке тізіп көрсетілген.  

Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, крематорийлер мен колумбарийлер марқұмның қалауы бойынша кремациялық жерлеу рәсімін көрсетеді. Құжат «Ашық НҚА» сайтында орналастырған. 2 желтоқсанға дейін жария талқыланбақ.

Сондай-ақ оқыңыз