Ресейдің жаңа доктринасы, державалар арасында коммуникацияның үзілуі – ядролық соғыстың алғышарты қаланып келе ме?
Ресей президенті Владимир Путин бүгін өз елінің жаңартылған ядролық доктринасын бекітті. Батыс елдері де осындай қадам жасап жатыр. Таяуда ғана АҚШ пен Қытай ядролық салада жасанды интеллектіні қолданбау, ядролық қару қолдануды тек қана адамның еншісіне қалдыру жөнінде келісімге келген болатын. Әлем енді ядролық соғыс қаупіне бір табан жақындай түскендей. Қазақстандық сарапшылар ядролық соққы жасалуын түбегейлі жоққа шығармайды. Тікелей ядролық қақтығысты айтпағанда, ядролық қарудың басқару тетігі теріс пиғылды адамдардың қолына түсуі, қате дабыл және басқа да кездейсоқ жайттар қауіпті қоюландырып отыр.
Ресей ядролық доктринасы нені көздейді?
Известия басылымының хабарлауынша, Ресейдің жаңа доктринасында басты төрт өзгеріс бар.
Біріншісі, ядролық тежеу қолданылатын мемлекеттер мен олардың одақтастарының саны кеңейтіліп отыр.
Екіншісі, кез келген ядролық қаруы жоқ мемлекет ядролық қаруы бар мемлекеттің қатысуымен немесе қолдауымен Ресейге қарсы агрессия жасаса, бұл Ресейге бірлескен шабуыл жасау болып қарастырылмақ.
Үшіншісі, Ресейдің ядролық қару қолдануға көшу талаптары анықталып отыр. Әуе-ғарыш шабуылы құралдары жаппай ұшырылғаны туралы нақты ақпарат алған кезде және олар мемлекет шекарасын кесіп өткенде, ядролық қару қолдану мәселесі қарастырылады.
Төртіншісі, Одақтас мемлекет қатысушысы ретінде Ресей мен Беларуске агрессия жасалған жағдайда жаппай қырып-жоятын қару қолданылуы мүмкін. Соның ішінде қарсылас қарапайым қаруларды қолданып, Ресей егемендігіне қауіп төндірген жағдай да еніп отыр.
Ресей ядролық соғыс қаупіне дайындықты қазірден бастап кеткен секілді. Айталық, «Кровавая барыня» телеграм арнасының мәліметінше, бұл елде ядролық жарылыстан қорғайтын, екі блоктан тұратын, 54 адам сыятын мобильді бас сауғалайтын баспана өндірісі іске қосылған. «КУБ-М» атты бұл модульды блоктар Нижегородск облысында шығарылып жатыр. Ол адамдарды ядролық жарылыс салдарынан, радиоактивті ластанудан және басқа да төтенше жағдайлардан қорғамақ.
Геосаяси жағдайдың ушығып тұрғаны құпия емес. Десе де «ядролық қаруы бар державалар арасындағы текетірестің арты ядролық соғысқа ұласуы мүмкін бе?» деген сауалдың басы ашық.
Қазіргі жағдай неге қырғи-қабақ соғысы кезінен де қауіптірек?
Кейбір қазақстандық сарапшылардың пікірінше, қазіргі жағдай КСРО мен АҚШ арасындағы жағдаймен салыстырғанда да әлдеқайда күрделірек. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбен Ресей мен АҚШ арасындағы байланыстың үзілгеніне алаңдайды.
«Қырғи-қабақ соғыс кезінде АҚШ пен КСРО өзара қарулану бәсекесінің ең қауырт кезеңінде де екіжақты байланысты, қарым-қатынасты мүлдем үзуге жетпеп еді. Екі ел басшылары пікір алмасып, бір-бірінің ниеттерін біліп отырды. Алаңдататын нәрсе, қазір Мәскеу мен Вашингтон арасында жоғары деңгейде коммуникация жоқтың қасы. Және бұрын жасалған келісім-шарттар жұмыс істемейді. Меніңше, ядролық державалар бір-бірімен коммуникация арналарын сақтап қалуы әлем үшін өте маңызды. Әзірге АҚШ пен Қытай арасында мұндай байланыс сақталып тұр», – дейді сарапшы.
Қателік ядролық қару қолдануға әкелуі мүмкін бе?
Оның пікірінше, Ресей де, АҚШ-та ядролық стратегиясына өзгерту енгізіп жатыр. Десе де, тараптар ядролық соғысты болдырмау үшін қадам жасап жатқан секілді.
«Бес ядролық держава өзара кездесіп, консультация өткізді. Меніңше, бәрі Украинадағы жағдайдың дамуына байланысты болады. АҚШ билігіне Трамп келіп жатыр. Ресей мен Украинаны келіссөз үстеліне отырғызса, ядролық соғыстың қаупі сейіледі», – дейді Дәурен Әбен.
Оның пікірінше, АҚШ-та, Ресей де және Қытай да ядролық соғыс бастауға мүдделі емес. Өйткені, әрқайсының өз стратегиялық ядролық арсеналы бар. Бірін-бірі жойып жіберуге әлеуеттері жетеді.
«Геосаяси шиеленіс жоғары деңгейге жеткен шақта қателік жасау мүмкіндігі де артады. 1962 жылғы Кариб дағдарысы кезінде және қырғи-қабақ соғысының басқа да сәттерінде ядролық қаруды қолдану, не қолданбау шешімі бір адамға ғана байланысты болған кездер көп болды. Сондықтан текетіресті бұған жеткізбеу қажет. Мәселен, бір тарап ядролық зымыран емес, басқа нәрсе ұшырса, оны ядролық шабуыл ретінде қабылдап, екінші тарап өз зымырандарын қарсы атуы ғажап емес. Сондықтан Қазақстан секілді елдер ядролық державаларды ұстамдылыққа шақыру қажет», – деп тұжырымдайды Дәурен Әбен.
Теріс пиғылды топтардың қолына түссе ғана, ядролық қару қолданылуы мүмкін
Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ерболат Саурықовтың пікірінше, кейбір елдер геосаяси жағдайға ушықса, ядролық қару қолданатынын тұспалдап жүр. Бұл тек қана қорқытып-үркіту мақсатында айтылуы мүмкін.
«Әсіресе, Солтүстік Кореяның әңгімелерінен жиі байқалады. Ресейде де осындай әңгіме айтылып жатыр. АҚШ тарапынан да шықты. Бірнеше мемлекет бірігіп, бір мемлекетке саяси-экономикалық қысым жасап, тұқырта бастаса, ол мемлекет осылай деуге мәжбүр болуы мүмкін. Бірақ БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар бұған жол бермейді деп ойлаймын», – дейді депутат.
Десе де, Ерболат Саурықовтың пікірінше, осы уақытқа дейін мемлекет ядролық қару қолдану жөнінде ресми түрде ақпарат берген емес.
Атом бейбіт мақсатта да пайдаланып жатыр. Мәселен, Украинада 15 атом стансасы жұмыс істеп тұр. Ресейде – 36, АҚШ-та 96 атом реакторы жұмыс істейді.
«Ядролық қару қолданып, күш көрсететін болса, атом электр стансаларының бәрі жарылмай ма? Мұндай жағдайда бүкіл құрлықтар жойылып кетуі мүмкін. МАГАТЭ ұйымы бұған жол бермейді деп ойлаймын. Меніңше, ядролық қару қолданып, соғыс ашу – қазіргі заманда іске аспайтын дүние», – дейді депутат.
Десе де, Ерболат Саурықовтың пікірінше, теріс пиғылды топтардың қолына түсіп қалса ғана, ядролық қару қолданылып кетуі ықтимал. Басқаша жағдайда, мүмкін емес.
Мұның алдында Ресей президенті Владимир Путиннің Украинамен соғыста ядролық қару қолдануға мүмкіндік беретін ядролық доктринаға өзгеріс енгізетіні жайында жазғанбыз.