Малала Юсуфзайдың Ауғанстандағы әйелдер құқығы туралы фильмі жарық көрмек

Жарияланды 19 Қараша 2024 11:31

(жаңартылды 19 Қараша 2024 11:31)
Светлана Ғалымжанқызы

Светлана Ғалымжанқызы

Малала Юсуфзай Ауғанстандағы әйелдер жайлы фильм түсірді
Малала Юсуфзай Ауғанстандағы әйелдер жайлы фильм түсірді / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Елдегі билікті қолға алып, үстемдік еткеніне көп жыл болмаса да, әйелдер құқығын барынша қанап, шектеп жатқан Талибан әскері туралы жазбаған ақпарат құралы жоқ шығар, сәрі. Ал сол аймақтағы әйел құқығы тақырыбы қозғалса, ойға пәкістандық Малаланың келуі заңды. Нобель сыйлығын иемденген Малала Юсуфзай енді Ауғанстандағы әйелдер туралы фильм түсіруге бел буғанын бұған дейін жазған едік

Малаланың Талибан тақырыбын қозғауға толық негіз бар. Өйткені 2012 жылы мектеп автобусымен сабақтан қайтып келе жатқан оқушылар автобусын талибандықтар Пәкістан шекарасында тоқтатып, Малалаға оқ атқан. Өлімнен аман қалған қыз сол уақыттан бері бұл аймақтағы жағдайды әлемдік мінберлерде көтеріп жүр. Дегенмен Ауғанстандағы саяси жағдайдың өзгеру жылдамдығы мен агрессиясының деңгейі жыл емес, күн санап қатайып жатқандай. 

«Көптеген қыз қорқынышты жағдайда өмір сүріп жатыр, көбі одан шығар жол көрмейді. Олар үшін келешек бұлыңғыр», – дейді Малала. 

2021 жылы Ауғанстан билігін қолға алған Талибан осы үш жарым жылда әйел құқығын барынша шектеді. Алғашында мектепке жібермеу, үйден тек ер адамға ілесіп шығу, толық бүркеніп шығу, ер адамның көзіне тіке қарамау сияқты шектеулерден басталған заң енді әйелдерге өзара тілдесуге де тыйым салды. 

«Шектеулердің экстремал болғаны сонша тіпті біреулер үшін мағынасы бар деуге де келмейді», – дейді Малала. 

Біріккен Ұлттар Ұйымы ережелерді «гендерлік апартеидке», яғни жынысына қарап экономикалық, әлеуметтік дискриминация жүретін жүйеге теңеді. Ал Amnesty International ұйымы Талибанның бұл әрекетін халықаралық құқық шеңберінде қылмыс деп танығысы келеді. Дегенмен Талибан ережелер ислам шариғаты үстемдік ететін Ауғанстанда қабылданғанын, сондықтан ислам заңы мен мұсылман қауымдастықтарының құндылықтары мен дәстүрін сыйлау керек деген жауап береді. 

«Әйелдер барынан айрылды. Талибан әйелдерді құқығынан айыру үшін ең негізінен бастау керегін біледі. Сондықтан бар өзгерісті қыз балаларға мектепке кіруге тыйым салудан бастады», – дейді Малала Юсуфзай. 

БҰҰ Талибан билікке келгеннен бері миллиондаған қыздың оқудан алыстатылғанын, ал 2022 жылдан бері қарай 100 000 студент қыздың университеттегі оқуын тоқтаттырғанын мәлімдеді. Одан бөлек ерте үйлендіру мен жасөспірім қыздардың жүкті болуы жиілеп кеткені анықталды. Соның салдарынан елде жүктілік пен босану кезінде өлу көбейген. 

Енді осының барлығы көпшілік назарына ұсынылу керек, адамзат баласы Ауғанстандағы әйелдердің жағдайын білу керек деген мақсатпен Малала «Нан мен раушан» атты фильм түсіріліміне атсалыспақ. Малала Юсуфзай – аталған туындының продюсері. Фильм Захра есімді стоматолог, қоғам белсендісі Тараном мен мемлекеттік қызметкер Шарифа туралы. Тараном елдегі қысымға шыдамай шекара асуға ұмтылса, Захра мен Шарифа қызметтерін тоқтатуға мәжбүр болып, еркіндігінен айырылады.

«Дегенмен фильм тек осы үш қыздың тағдыры туралы ғана емес. Мәселе Ауғанстандағы 20 миллион қыз бен әйелдің өмірі туралы», – дейді Малала.

Фильм режиссері – ауғандық режиссер Сахра Мани. Фильмге америкалық актриса Дженнифер Лоуренс те продюсер ретінде шақырылған. 

Сахра «Құқығымды жай-жайдан шектеп, бір күні еркіндігімді толықтай алып алғанын айтып беру – басты миссиям. Адамзат Талибан диктатурасынан жапа шеккен халқымның тарихын білуі керек» деген пікірін айтты. Режиссердің өзі 2021 жылы АҚШ қолдайтын үкімет құлаған шақта қашып үлгерген. Бірақ елде қалған әйелдермен байланысып үзбеген. Олар түрлі видеолар жіберіп отырған. Сахра сол видеоларды жинап, архивтап, соны фильмде қолданған. 

«Жас, заманауи, оқыған талантты әйелдерді табу маңызды болды. Олар мемлекет құруға әзір еді, енді олар үйде отыруға мәжбүр», – дейді Сахра Мани. 

Фильм әлі жарыққа шықпаса да, Сахраның ойынша, Ауғанстандағы жағдайдың ауырлығы сонша, қазір фильм түсіруге мүмкіндік болмас еді. «Ол кезде әйелдер наразылық таныта алатын еді. Ал қазір әйелдерге ән салуға да рұқсат жоқ», – дейді режиссер. Фильм кадрларында наразылық кезінде камера ұстап жүрген әйелдерді көруге болады. Дегенмен әйелдер құқығы шектелген сайын фильм түсіру қиындай түскен. 

«Әйелдердің оқиғаларды бөлісуге рұқсат бергеніне қуандық. Олардың қауіпсіздігіне басымдық беру міндетіміз еді. Не дегенмен олардың көшеге шығып, құқығын талап етуі фильм үшін емес, жеке еркіндігі үшін еді», – деп түйіндеді Сахра Мани. 

Малаланың айтуынша, Ауғанстанда әйелдердің құлақ аспауы – қиын мәселе. 

«Елдегі жағдайға қарамастан, өз өмірін қатерге тігіп, еркін болашақты аңсап пікірін білдірді. Фильмде бой көрсеткен үш әйел қазір Ауғанстанда тұрмайды. Фильм басқа әйелдердің қандай жағдайда тұрып жатқанын әлем халқына жеткізе алады деген сенімдеміз. Өз пікірін білдіре алу үшін барынша күресіп жатыр. Басын қатерге тігеді. Енді олардың сөзін сөйлейтін, қолдайтын кез келді», – дейді Малала. 

Фильм халықаралық қауымдастықтарды Талибанға қысым көрсетіп, әйелдер құқығын шектемеуді талап етеді деген үміт те жоқ емес. 

«Талибанның билікті басып алғанын түсінгенде таң қалдым. Тек Ауғанстанда ғана емес, басқа жерлерде де әйелдер құқығын шектемеуге кепілдік бере алу үшін қандай жүйе енгізгенімізге мән беретін кез келді. Ауғанстан әйелдерінен батылдық тұрғысында үйренеріміз көп. Олар Талибанға қарсы келуге қорықпаса, біз жанашырлық танытуды үйренуіміз керек», – дейді Малала Юсуфзай. 

Жалпы, «Нан мен раушан» фильмі тек шектеу мен шаршау ғана емес батылдық пен үміт туралы деуге болады. Фильм атауының өзі ауғандық нақылдан туған. Нан – еркіндік пен отбасын қолдау мағынасын білдіреді. Ауғандар «кім нан берсе, билік – соныкі» деп айтады екен. Фильм жасаушылар наныңызды өзіңіз тауып жүрсеңіз – өз билігіңіз де өзіңіздің қолында деген идеяны алға тартады. 

Сондай-ақ оқыңыз