Қазақстанда жалпы саны 86 қала бар. Соның ішінде моноқала саны — 27, шағын қала саны — 41. Демек еліміздегі қалалардың басым бөлігі кішігірім деген сөз. Тұрғын саны аз, өмір салты да бір-біріне ұқсамайды. Сәйкесінше, шағын қалаларда бизнес жасаудың алғышарты да әртүрлі деген сөз. Осы орайда халық саны көп емес аймақтарда кәсіп бастаған кезде нені ескеру керек, қандай бизнес түрлері табысты екеніне шолу жасағанды жөн көрдік.
Шағын қалада кәсіп жүргізу қиын ба?
Бизнес бастаған кезде оның қаншалықты алға жүріп кететініне және салған инвестициясын ақтайтынына баса мән беретініміз белгілі. Әсіресе, адам көп тұрмайтын қалаларда бизнес жүргізу оңай емес. Үлкен қаламен салыстырғанда мұнда таргет аудитория айтарлықтай аз. Қызметкерлерді де таңдай алмайсыз. Мердігер табу оңай емес. Бірден гүрілдеп қызу жүріп кетпеуі мүмкін. Десе де, солай екен деп шағын қалада бизнес бастамау керек деген ойдан аулақ болыңыз. Ебін тапсаңыз, емін-еркін кәсіп жүргізуге әбден болады. Алдымен шағын қаладағы кәсіптің ерекшеліктеріне тоқталайық.
Аймақтарда бәрі бір-бірімен таныс. Сондықтан жарнамаңызды ауызша жіберсеңіз өтімді болады. Біреуден біреуге жеткен хабар жылдам таралады. Мысалы, сұлулық салонын ашқалы жатсаңыз, маңдайшасын ілген күннен бастап көпшілік естіп үлгереді. Алғашқы клиенттеріңізге жылы қабақ танытып, керемет сервис көрсетсеңіз, таныстарына айтып, сол арқылы база жинап алу оңай. Кейбірі жай ғана «мынадай жаңа салон ашылыпты» деп қызығушылық танытып кіре кетеді. Себебі шағын қаладағы жаңадан ашылған кез келген жер — тың оқиға саналады. Ашылмас бұрын баннер іліп қойсаңыз, айналдырған бір айда бүкіл қала көріп шығады. Бірақ бір-бірін танығанның кемшілігі де бар. Бір рет келеңсіз оқиға болса, оны да барлығы естіп отырады. Соның кесірінен клиенттерден айырылып қалуыңыз мүмкін. Абырой кез келген бизнес үшін бірінші орында тұруға тиіс. Ал шағын қалаларда тіпті қажет. Беделді түсіріп алу әп-сәтте. Сервиске баса мән беріңіз.
Өзіңіз туып-өскен жерден ашқан жақсы. Мысалы, өзіңіз Балқаш қаласының тумасысыз делік. Өсіп-өнген жеріңіз, хал-ахуалды жақсы білесіз. Тұрғындармен таныссыз. Осы нәрсе сізге кәсібіңізді табысты жүргізуге көмектеседі. Олай дейтініміз, сіз клиенттердің не қалайтынын, қандай екенін, не күтетінін білесіз. Сізді де көбі таниды. Жеке таныс болмасаңыз да, әйтеуір осы жақтың адамы екеніңізден хабардар. Кондитерлік дүкен ашсаңыз, «басқадан алғанша таныстан алайық» деп қолдайтындар көптеп табылады. Тіпті басқа қаладан ашсаңыз, мегаполиске қарағанда шағын аймақтардың тыныс-тіршілігіне тез бейімделіп кетуге болады.
Бәсеке өте аз болады. Тіпті болмауы да мүмкін. Мысалы, үлкен қалаларда екі аттасаң табылатын жер аймақта бола бермейді. Жақсылап зерттеп шықсаңыз, облыс орталығына баруға мәжбүр болып жүрген себептерді таба аласыз. Соны өз пайдаңызға ыңғайлап алуға болады. Сұранысқа орай ұсыныс жасасаңыз, клиент табу қиын емес.
Бірақ кемшіліктері де баршылық. Біріншісі — сізге тұрақты клиент болуға қауқарлы адам көп емес. Өйткені қалада адам аз болған сайын, клиент те соғұрлым тез таусылады. Бір нишаны алып, дөңгелетіп әкету оңай болмайды. Сондықтан бірнеге сегментте қатар істеп, кеңейіп отыруға тура келеді. Жалпы алғанда шағын қалада кәсіп бастамас бұрын сұраныстың қаншалықты екеніне толыққанды талдау жасау керек. Егер жергілікті тұрғындарға сіздің ұсынысыңыз қызық болмаса, онда бизнесіңіз өзін ақтамай, жабылып тынады. Себебі клиент болмаса, сауда жоқ. Олай болса, тауар не қызметтің қаншалықты сұраныста бар-жоғын қалай анықтауға болатынын айтайық.
- Клиентім болады-ау дейтіндермен сөйлесіп, қалаға қандай тауар не қызмет керек екенін, сұраныс барын анықтап алуға тырысыңыз. Сонда тұрғындардың не нәрсеге қызығатынын түсінесіз. Бәлкім, қазір дүкенге барғаннан, онлайн не маркетплейстен алдырған оңай шығар? Егер тапсырыспен үйге алдырғанды жақсы көрсе, онда дүкен емес, қойма ашу керек болар?!
- Іздеу жүйелерінде не нәрсе көп ізделетінін шолып шығыңыз. Ол жерлерде әр аймаққа бөлінген детализация болады. Соған қарап тауар не қызметтің шамамен қаншалықты сұранысқа ие екенін біле аласыз. Егер спорт тауарлары бір айда үш рет қана ізделсе, онда дүкен ашып не керек?!
- Бәсеке қаншалықты екеніне талдау жасаңыз. Олар қалай жұмыс істейді? Қандай тауарлары өтімді? Көбіне қандай затты жарнамалайды? Клиенттердің пікірі қандай? Осы ақпараттың бәрін шолу керек. Өйткені ассортимент құрастырғанда осыларға мән бересіз. Егер сіз сататын тауар бұл аймақта онша жарнамаланбайтын болса, қолдан сұраныс тудырып көруге болады. Яғни артықшылығын көбірек айтып, түсіндіру қажет.
- Тұрғындардың айлығы аз. Көбіне шағын қалалар облыс орталықтарынан шалғай жерде орналасады. Жергілікті жерлерде жұмыс істейтін халықтың айлығы да жоғары бола бермейді. Сондықтан мегаполистердегідей трендке ілесіп, 20 мың теңгеге дубай шоколадын ала алмауы мүмкін. Мұны ескермесе болмайды. Олай болса, бизнес ашпас бұрын жергілікті тұрғындардың орташа табысын біліп алған абзал. Соған қарап сізден тауар ала ала ма, әлде бағасын арзандатуыңыз керек пе — белгілі болады. Ондай ақпаратты статистика комитетінің сайтына біле аласыз. Одан қала берді hh секілді жұмыс іздейтін сервистерге кіріп, шамалауға болады.
- Қызметкер табу қиын. Шағын қала болғандықтан, іздеу оңай болмайды. Кәсіпкерлер жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтиды. Ал аймақтарда сіз қалаған жоғары деңгейдегі сервис көрсете алатын қызметкер табу оңай болмауы мүмкін. Тіпті жұмысқа алмас бұрын тегін оқытсаңыз да, бір айдан кейін жұмыстан кете салатындар аз болмайды. Сондықтан шама келсе жастарды тартып, ұжым мәдениетін қалыптастыруға тырысуыңыз керек.
Шағын қалаларда қандай бизнес ашуға болады?
- Кейінгі кездері әлеуметтік желілерде табиғи өнімдер трендке айналып жатыр. Көпшілік дұрыс тамақтану, ауылдың өнімдеріне бет бұрып жатыр. Атап айтқанда, ет, сүт, көкөністер, жұмыртқа және т.б. Демек, ниша ретінде таңдауға болады. Оған қоса, мемлекет те осы бағытқа қолдауды көп жасайды. Қайтарымсыз гранттар, жеңілдетілген несиелер бар. Өзіңіз қолдан сатсаңыз да, жеке кәсіпкер ретінде тіркелсеңіз де, шаруа қожалығын ашсаңыз да болады.
- Аймақтарда жақсы өтетін тағы бір ниша — турлар. Саяхат та қазір трендте. Қазақстанның қай аймағы болсын өзіне сай ерекше табиғаты бар. Сол сұлулықты дұрыс ұсына білген, ебін тапқан адамға бұл бағыт та қызық болуға тиіс.
- Балаларға арналған орталықтар. Оның ішінде дамытатын орталық, тіл үйрететін курс және т.б бағыттар таңдауға болады. Әсіресе, ағылшын тілін оқытатын орталықтарға сұраныс бүкіл жерде дерлік бар. Әрине, ол үшін алдымен қаладағы бала санын анықтап, олардың ата-анасы ақша құюға дайын ба, соған анализ жасау керек. Мектеп пен балабақшаға баратын жалпы бала санын білу қиын емес. Одан соң мұғалімдермен, ата-аналармен бір ауыз сөйлесіп, сұхбаттасып алыңыз. Айтары болса, тыңдаңыз. Бетпе-бет тілдескенде аймақтағы талай мәселенің беті ашылады. Тереңірек түсіне бастайсыз. Сұранысқа дөп түсу үшін осындай алғышарттар орындалғаны жөн. Болмаса, үлкен орталық ашпас бұрын жеке жұмыс істеп көріңіз. Ағылшын тілінен репетитор боласыз ба, логопед боласыз ба — бағытқа қарай байқаңыз. Осылайша клиенттерден база құралады. Біртіндеп егер табысты сала болып көрінсе, онда ұлғайтасыз, кеңейесіз.
- Маркетплейстен берілген тапсырыстарды алып кететін бөлімше ашуға болады. Бұл да табысты нишалардың бірі. Шағын қалаларда тауарға таңдау шектеулі. Көбі үлкен қалаларға барып алып келеді. Егер сол үлкен қалалардан тапсырыспен алдырып, сіздің бөлімшеден алып кетуге мүмкіндік ашылса, тұрғындар қуанары сөзсіз. Былайша айтқанда, тауар жеткізіп бергеннен пайда көресіз. Ол үшін маркетплейстердегі бағдарламаларды шолып шығып, қайсыы қандай шарттар қоятынын анықтап алыңыз. Одан соң ыңғайлы болатындай локация табыңыз. Бизнестің сәтті жүруіне осы локация қатты әсер етеді. Негізі маркетплейстер кез келген жерден бөлімше ашуға рұқсат бере береді. Бірақ әрине, өзіңіз үшін көпшілік жүретін, біраз жерге жақын, орталық маңнан ашқан абзал. Тұрғын үйлердің асты, сауда орталықтарының маңы — ұтымды нұсқалардың бірі. Қазір карта арқылы қалаған жеріңіздің қаншалықты өтімді, адам көп өтетінін тексеруге болады. Соларға қарап бір шешімге келіңіз. Сонымен бірге маркетплейстер бөлімше ашуға ыңғайлы жерлерге қатысты нұсқама да береді.