Жаңалықтар

Әлемнің көптеген елінде Temu қосымшасына тыйым салынып, тіпті санкцияға ілінуі мүмкін бе

Temu қосымшасы санкцияға ілінуі мүмкін бе
Temu қосымшасы санкцияға ілінуі мүмкін бе / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Вьетнам билігі елде жұмыс істеуге рұқсат алмаған қытайлық Тemu маркетплейсіне тыйым салмақ. Қазан айында Индонезия үкіметі Google-ге қытайлық жобаны бұғаттау туралы талаппен жүгінді. Сайт Еуропалық одақта да осындай проблемаларға тап болып отыр. Қосымшаға контрафакті және қауіпті өнімдерді саудалады деген айып тағылған. Маркетплейстің сыртқы нарықта осындай проблемаларға тап болуына басты себеп – жергілікті шағын және орта бизнеске қауіп төндіруінде болып отыр.

The Guardian жазуынша, Вьетнам үкіметі қытайлық арзан тауарлар  жергілікті сатушылар мен өндірушілерге зиян келтіреді деп сескеніп отыр. Соңғы бірнеше айда сайт әлеуметтік желілерде «миллиардер ретінде сатып ал» деген ұранмен төмен бағалар ұсынып, агрессивті жарнама жүргізуінің арқасында аймақта танымал бола бастады. Алайда пайдаланушылар саны өскен сайын, реттеуші тарапынан қойылатын талаптар күшейе түсті. Өз еліндегі шағын және орта бизнесті қытайлық алпауыт тудырған әділетсіз бәсекелестіктен қорғауға тырысып отыған көптеген мемлекет бұл интернет-дүкенге тыйым салып немесе ауыр санкция қолданатынын ескертеді деп жазады Guardian.

Қазан айында Индонезия Google мен Apple-ден елдегі Temu қосымшасын бұғаттауды сұрады. Жергілікті кәсіпкерлерді қытайлық арзан тауарлардан қорғау мақсатында билік осындай әрекетке барып отыр. Сонымен қатар Индонезия жергілікті электрондық коммерцияға Temu тарапынан қаражат тартуға тыйым салатынын айтты. Жақында тағы бір қытайлық Shein қызметі де осындай тыйымға тап болуы мүмкін. 2023 жылы Джакарта жергілікті сатушылар мен пайдаланушылардың деректерін қорғау үшін TikTok-ты елдегі электрондық коммерция қызметін жабуға мәжбүр етті.

Вьетнам билігі Temu және Shein-ге қараша айының соңына қарай тыйым салмақ. Ресми Ханой маркетплейстерге елде бизнес жүргізуге рұқсат берілмегенін айтады. Сарапшылардың пікірінше, Қытайда жасалған арзан тауарлардың елге ағылуы сапа, баға және жылдамдығы жағынан бұл маркетплейспен теңесе алмайтын жергілікті сатушылар мен өндірушілерге зиянын тигізеді. 

Сонымен қатар, мысалы, Тemu-да 3 долларға сатып алуға болатын тоқылған сабан сөмкелерді индонезиялық кәсіпкерлер алты есе қымбат сатады. Вьетнам нарықтарында 15 долларға сатылатын күртешелерді Temu-да да осындай бағамен және тегін жеткізу қызметімен қоса сатып алуға болады. Тұтынушылар үшін арзан тауарлар пайдалы болғанымен, жергілікті кәсіпкерлер үкіметтің әрекет етуін күтіп отыр.

Осы күзде ЕуроОдақ елдері маркетплейс заңсыз тауарлар саудасымен күресе алмайды деп қауіптеніп, Temu-ға қарсы ресми сот ісін бастады. The Guardian жазуынша, одақ елдері, сонымен қатар, платформа сауданы агрессив түрде жүргізетініне және тұтынушыларды алдауға тырысатынына алаңдап отыр. Егер бұл алаңдаушылық расталса, қытайлық компанияны қомақты айыппұлдар күтіп тұр. ЕО билігі әрбір платформа, соның ішінде Temu Facebook, X және Google-ге дейінгі технологиялық компанияларды реттейтін цифрлық қызметтер туралы Заңға (DSA) сәйкес келуі керек екенін атап көрсетеді.

Temu-ға қатысты тергеу ЕО елдерінен, соның ішінде Франция, Италия және Нидерландыдан келген тұтынушы құқықтарын қорғайтын 17  ұйымның шағымы негізінде басталды. Олар компания клиенттерге сатушылар туралы маңызды ақпарат бермей DSA-ны бұзады деп мәлімдеді. Бұған қоса, тұтынушылар Temu еуропалық заңмен тыйым салынған шоттарды жою процедурасын қиындатты деп мәлімдейді. Олар, сондай-ақ, тауард жақын арада сатылып кететінін көрсететін сағатты кері санау сынды ойын құралдарын қолданатынына назар аударды. Бұл әдіс клиентті сатып алуға ынталандыра түсетін құрал ретінде қызмет етеді деп болжануда. Кейбір пайдаланушылар интернет-дүкенде табиғи таза деп саудаланатын тауарларға қатысты күмәнданатынын айтып шағымданған.

Momentum Works венчурлық қорының басшысы Ли Чжанган қытайлық маркетплейстердің әлемдік нарықтарда кеңеюге деген ұмтылысына негізінен  қытай экономикасының өсу қарқынының бәсеңдеуі және ішкі сұраныстың төмендеуі түрткі болды деп санайды. Қыркүйек айында Temu өз қосымшасына айына 92 миллион адам келетінін хабарлады.