Германия экономикасы тоқырайды, Қытайдағы базалық мөлшерлемелер өзгермейді, АҚШ-тың қор нарығы жаһандық акциялардың кірісін төмендетіп жатыр
АҚШ-тың қор индекстерінің өсуі жаһандық нарықтардың табыстылығын төмендетіп жатыр. АҚШ нарығы үшін шешуші рөлді әлі де «Таңдаулы жетілік» деп аталатын ірі технологиялық компаниялар атқарып отыр. Алдыңғы күні олар Ресей тарапынан ядролық қауіптің салдарынан туындаған сатылым толқынынан кейін, индекстерді қайта қалпына келтіруге көмектесті. Осы және өзге де тақырыптар туралы 19 қарашадағы әлемдік БАҚ шолуынан оқи аласыз.
АҚШ акциялары ядролық эскалация қаупін елеген жоқ
Алдыңғы күнгі таңғы сессияның қомақты сатылымдарына қарамастан, АҚШ қор биржалары кешке қарай шығындарын қалпына келтірді. S&P 500 0,4%-ға, Nasdaq 1,04%-ға өсті, ал Dow Jones, керісінше, 0,28%-ға төмендеп, теріс аймақта қалды.
Таңертең трейдерлер Украина мен Ресей арасындағы соғыс әрекеттерінің күшеюі және Ресейдің ядролық қару қолдану қаупінен кейін қорғаныс активтеріне бет бұрды. Бұл кезде биткойн мен алтын бағасы көтеріліп, облигациялар кірістілігі артқан еді. Алайда нарықтар «Таңдаулы жетілік» акциялары арқылы қалпына келді деп жазды Bloomberg.
Әсіресе, Nvidia компаниясының акциялары сейсенбі, 19 қараша күні 4,67%-ға қымбаттады. 20 қарашада компания тоқсандық қаржылық нәтижелерін жариялайды. Бұл Украинадағы соғыстан гөрі нарықтарға үлкен әсер етуі мүмкін, деп есептейді сарапшылар.
Barclays стратегтері Nvidia-ның нәтижелері 2024 жылдың қалған бөлігіндегі нарық үшін ең маңызды катализатор болуы мүмкін екенін атап өтті. Тіпті желтоқсанда шығатын ФРЖ-ның пайыздық мөлшерлеме туралы шешімінен де маңыздырақ болмақ.
АҚШ қор нарығының өсуі жаһандық акциялардың кірістілігін төмендетіп жатыр
CNBC мәліметінше, АҚШ қор индекстерінің өсуі басқа әлемдік нарықтардың табыстылығына теріс әсер етіп жатыр. Америкалық емес акцияларға бағытталған iShares MSCI ACWI қоры бұл трендтің тиімді индикаторы ретінде әрекет етеді әрі оның индексі S&P 500 өсімінен айтарлықтай артта қалып отыр.
Мәселен, қараша айында АҚШ-тан тыс акциялардың кірістілігі тек 5%-ға артқанымен, айдың соңына қарай 1,7%-ға төмендеді. Бұған негізгі себептердің бірі – доллардың күшеюі. Қараша айында доллар индексі 2%-дан астамға өсті, ал 2024 жылдың басынан бері 5%-ға жуық өсім байқалды. Бұл шетелдік валютадағы активтердің құнын төмендетіп, АҚШ экспортының қымбаттауына әкелді.
DataTrek Research компаниясының тең құрылтайшысы Ник Коластың пікірінше, «Жаһандық қор нарықтарының теріс динамикасы олар төмен бағаланғандай көрінген кезде инвестиция құюға итермелеуі мүмкін. Алайда бұл қадамнан сақ болу керек».
Оның айтуынша, Трамптың жаңа протекционистік сауда саясатын бастау ниетін ескере отырып, АҚШ акциялары әлі де басымдыққа ие.
«Келесі жылы АҚШ үкіметінің саясаты соңғы төрт жылдағы бағыттан айтарлықтай өзгеше болады. Осыған байланысты жаһандық активтердің иелері халықаралық қор нарықтарына инвестиция салуды ақтау қиынға соғады», – деді ол.
Бундесбанк: Германия экономикасы тоқырауға ұшырайды
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Германияның орталық банкі (Бундесбанк) 19 қараша күні IV тоқсанда ел экономикасы тоқырауға ұшырайтынын ескертті. Айта кетейік, III тоқсан қорытындысы бойынша елдің ЖІӨ-сі 0,2%-ға өскен еді. Алайда бұл өсімнің жалғасуына негіз жоқ деп мәлімдеді Бундесбанк.
Сонымен қатар Дональд Трамптың импорттық баж салығын көтеру туралы ұстанымы экспортқа бағытталған Германия экономикасына қатты соққы болуы мүмкін. Бұған қоса, елде жалақы өсімі баяулап жатыр.
«Ұзақ мерзімді экономикалық тұрақсыздық пен инфляцияның айтарлықтай төмен қарқынын ескерсек, алдағы жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы келіссөздер соңғы екі жылмен салыстырғанда жалақының айтарлықтай төмен деңгейде келісуіне алып келуі мүмкін», — делінген Бундесбанк хабарламасында.
Қытайда базалық мөлшерлемелер өзгеріссіз қалады
Reuters сауалнамасының нәтижелеріне сәйкес, Қытай билігі сәрсенбі, 20 қараша күнгі отырыста базалық мөлшерлемелерді өзгеріссіз қалдыруы мүмкін. Өткен айда ставкалардың төмендеуі банктердің табыстылығына теріс әсер етіп, Дональд Трамптың Ақ үйге қайта оралуынан кейін, юань жаңа қысымға ұшырады.
«Қазан айында LPR ставкалары күрт төмендетілді, бұл айда қайтадан төмендеу ықтималдығы аз», – делінген зерттеуде. Трамп қайта сайланғаннан кейін Пекин билігі шешуші әрекеттерден гөрі күту тактикасын ұстануы мүмкін. Олар қаңтарда Трамп қызметке кірісіп, өз ниеттерін анықтағанша белсенді шаралардан бас тартады.
«Импорттық баж салығын енгізу қаупінен бөлек, АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлемелердің жақында көтерілуі де Бейжің үшін үлкен қиындық туғызып жатыр. Себебі бұл Қытайдың экономикалық мәселелер жағдайында ақша-несие саясатын жеңілдету мүмкіндіктерін шектейді», – дейді Ebury аға нарық сарапшысы Роман Зирук.
АҚШ президентін сайлау нәтижесінен бері юань доллармен салыстырғанда, шамамен 1,8%-ға құнсызданған.