Тоқсандық есептен кейін, Nvidia акциялары қалай өзгермек
Жасанды интеллект саласындағы басты компания саналатын Nvidia сәрсенбі, 20 қараша күнгі сауда-саттықтан кейін тоқсандық есебін жариялайды. Сарапшылардың пікірінше, бұл есеп S&P 500 индексіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
Stifel, Truist, және тайваньдық Fubon инвестициялық банктері инвестициялық банктері Nvidia-ның тоқсандық есебінің алдында компания акцияларының мақсатты бағасын 13-18%-ға, яғни 167-200 доллар аралығына дейін көтерді. Үш банк те компания акцияларын сатып алуға кеңес береді.
Өткен аптада HSBC Nvidia акцияларының мақсатты бағасын 200 долларға дейін, Jefferies және UBS 185 долларға дейін, Susquehanna 160-тан 180 долларға дейін көтерген болатын. Oppenheimer, Citigroup, Piper Sandler, Mizuho, Morgan Stanley және Wedbush та осы жолды ұстанған-ды.
Bloomberg-тің консенсус-болжамына сәйкес, Nvidia-ның қазан айында аяқталған қаржылық тоқсанда акцияға шаққандағы пайдасы (EPS) 0,74 доллар болмақ, ал кірісі 33,2 млрд долларға жетуі мүмкін. Бір жыл бұрын EPS – 0,4 доллар, ал кіріс 18,1 млрд доллар болған еді.
Компанияның ең ірі сегменті – деректер орталықтарына арналған үдеткіштер (акселераторлар) бұл жолы 29 млрд доллар табыс әкеледі деп болжанып отыр. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есе артық. Ойынға арналған видеокарталар сегментінің кірісі 7%-ға өсіп, 3 млрд долларға жетеді деген болжам бар.
Jefferies сарапшысы Блэйн Кертистің айтуынша, Nvidia-ның сатылымдары бұл жолы да нарықтың күткенінен асып түсуі мүмкін. Инвесторлар компанияның төртінші тоқсанға арналған болжамдарын да мұқият бақылайды. Yahoo Finance мәліметінше, Уолл-стрит Nvidia-ның қаржылық жылдың соңғы үш айындағы кірісі 37 млрд доллар болатынын шамалап отыр.
Қазіргі уақытта Nvidia акциялары 147 доллар деңгейінде саудаланып жатыр. Ал 8 қараша күні тарихи максимумға жетіп, 149,77 долларды құрады. Дегенмен содан бері аздап төмендеді.
Трейдерлер осы аптада Nvidia акцияларының 10%-ға қымбаттайтынын алға тартып, опциондарды белсенді сатып алып жатыр. Компания акциялары әдетте кіріс туралы есептер жарияланғаннан кейін құбылмалылыққа ұшырайды. Бұл жолы да осындай сценарий қайталануы мүмкін деп есептейді.
Bloomberg және Barclays сарапшыларының пікірінше, Nvidia-ның тоқсандық есебі желтоқсандағы ФРЖ отырысынан да маңызды болуы мүмкін. CNBC-ге берген сұхбатында Bank of America Securities сарапшысы Гонсало Асис те осыны айтты. Дегенмен, Nvidia-ның соңғы екі тоқсандағы есебі S&P 500 индексіне анау айтқандай әсер еткен жоқ. Мамырда компанияның қаржылық көрсеткіштері Уолл-стриттің болжамынан асып түсіп, үш күн ішінде акциялар 20%-ға өсті. Алайда ол кезде қор нарығында кең ауқымды ралли болмады. Тамызда Nvidia акциялары тоқсандық есептен кейін 6%-ға құлдырағанымен, S&P 500 индексі өзгеріссіз қалған еді