Доллар 2 теңгеге арзандады: Ұлттық банк пен Үкіметтің талабы теңгенің тұрақтануына ықпал ете ме?
20 қарашада Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықта доллар 2 теңгеге арзандап, 195,2 теңге болды.
Алматының ақша айырбастау пункттері долларды 496,7 теңгеден сатып алып, 497,3 теңгеден сатып жатыр. Ал Астананың айырбастау орындары 494 теңгеден сатып алса, 499 теңгеден сатуда.
Бұған дейін Ұлттық банк квазимемлекеттік сектор ұйымдарына валюта түсімдерінің 50%-ын нарықта сатуға міндеттеуді жоспарлап отырғанын жариялады. Яғни ірі мемкомпаниялар валюта түсімдерін нарыққа шығарса, биржада ұсыныс артады. Ұсыныс артқан соң, доллардың құны да төмендейді.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары Ұлттық банктің бұл талабынан кейін, ай сайын нарыққа 300 млн доллар түсуі мүмкін деп болжайды. Квазимемсектор түсімдерімен қатар, теңгеге салық аптасының жақындауы мен Ұлттық қордан түсетін транферттер қолдау болуы ықтимал. Нақты айтқанда, 22-25 қараша күндеді тоқсандық салық төлейтін уақыт келіп жетеді. Ал Ұлттық қордан қараша айында 1,3 млрд доллар сату жоспарланған.
Қаржыгерлер 2023 жылы квазимемлекеттік компаниялар түсімінің 50%-ын нарықта сатып отырған айларда, биржаға орта есеппен 291 млн доллар түсіп отырғанына назар аударады. Яғни Ұлттық банк пен Үкімет нақты қаулы қабылдап, мемкомпаниялар нарыққа түсімінің жартысын сата бастаған шақта, теңге бағамы тұрақтануы мүмкін.