«ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамның басқарма құрамы өзгерді. Директорлар кеңесінің шешімімен компания басқарма құрамынан Ерік Сағиев шығарылған. Ол Бас директордың тасымалдау жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.
Енгізілген өзгерісті ескерсек, қазір «ҚазТрансОйл» АҚ Басқармасы алты
адамнан тұрады. Олар: Арман Қасенов, Темірхан Әбдіров, Әміржан Оспанов, Алмас Оңғарсынов, Ғазиз Қошанов және Жайдарман Исақов.
Ерік Сағиев бұл қызметке 2022 жылдың наурызында келген. Оған дейін «Сарыарқа» Астана қаласы кәсіпкерлерінің қауымдастығы төрағасы, «Атамекен» ҰКП Өңірлік кеңесінің мүшесі болды. Әртүрлі жылдары Karachaganak Petroleum Operating B.V., «Интергазстрой» АҚ, «Top-Oil Srl» және «Стройгазконсалтинг» ЖШС-да жұмыс істеген.
«ҚазТрансОйл» компаниясы – Қазақстандағы магистральді мұнай құбыры операторы. 2024 жылдың 6 айында 23 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 есе артық.
ҚТО 2001 жылы Үкімет қаулысымен құрылды. 10% акция «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында сатылды. Олар миноритарлық акционерлерге тиесілі. ҚТО-ның негізгі акционері (90%) «ҚазМұнайГаз». Акцияның бақылау пакеті (67,42%) «Самұрық-Қазына» қорына (Үкіметке тиесілі), 20%-ы Қаржы министрлігіне, 9,58%-ы Ұлттық банкке тиесілі және акциялардың 3%-ы Астана қор биржасында еркін айналымда ( AIX) және KASE.