Lifestyle

Мүфтият Түркістанда имамдардан ақша жинау фактісіне байланысты тергеуді аяқтады

Мүфтият Түркістанда имамдардан ақша жинау фактісіне байланысты тергеуді аяқтады
Мүфтият Түркістанда имамдардан ақша жинау фактісіне қатысты тергеуді аяқтады / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Түркістанға сапарына байланысты өңірдегі имамдардан алдын ала ақша жинау фактісі бойынша тергеу жұмыстарын аяқтаған.

Мүфтият жанынан құрылған арнайы комиссия тергеу нәтижесінде ақпаратты жоққа шығарған. Яғни ақшаны имамдар емес, демеушілер жинағаны туралы мәлімдеме жасады.

«Түркістан облысында Бас мүфтидің келуіне орай имамдардан ақша жинау әрекеті орын алмаған. KaspiGold арқылы жіберілген қаражат демеушілер тарапынан берілгені және сол қаражат қайырымдылық жұмыстарға, ауызашар дастарқанына, республикалық Құран жарысына, конференция ұйымдастыруға, баспасөзге жазылу сынды іс-шараларға жұмсалғаны анықталды», – делінген мәлімдемеде. 

Ақпаратқа сүйенсек, бұл қаржыдан өңірге аттестация өткізу келген мүфтият өкілдеріне қаламақы төленбеген. Ал Бас мүфти Наурызбай қажының шығындарын Діни басқарма өтеген. 

ҚМДБ облыстық облыстық мешітте аудит жүргізіп, заң бұзушылық пен мақсатсыз қаржы жұмсау фактісін анықтай алмаған.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде «2024 жылдың қаңтар айында Бас мүфтидің Түркістанға сапары кезінде имамдардан ақша жиналды» деген ақпарат тараған. Оған сәйкес, 17 аудан мен Түркістан қаласындағы имамдардың әрқайсысы 150 мыңнан теңгеден 300 мың теңгеге дейін ақша жинап берген.