Мемлекетке қайтарылған 28 млрд теңге Риддердегі аурухана құрылысын аяқтауға жұмсалады
Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 28 млрд теңгеден астам қаражат Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында аурухана құрылысын аяқтауға жіберіледі.
Үкімет ақпаратына сүйенсек, 28,2 млрд теңге Риддерде салынып жатқан бір ауысымда 500 адам қабылдай алатын емханасы бар 200 орындық аурухана құрылысын аяқтауға жұмсалады.
2021 жылы басталған аурухана құрылысына бұған дейін 6,6 млрд теңге бөлінген. Оның 2 млрд теңгесі республикалық бюджеттен болса, 4,6 млрд теңге Шығыс Қазақстан облысы бюджетінен алынған. Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен бөлінген 28,2 млрд теңгені қосқанда, жобаның жалпы құны 34,8 млрд теңге шығады.
«Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында премьер-министр Олжас Бектеновке құрылыс алаңын қарау кезінде жұмысты аяқтау үшін жобаны қаржыландыру қажеттілігі туралы баяндалған. Қабылданған шаралар әлеуметтік маңызы бар объектінің ұзақ мерзімді құрылыс тізіміне енуіне жол бермеуге және тұрғындарды сапалы және қолжетімді медициналық қызметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – делінген Үкімет хабарламасында.
Айта кетейік, Риддер қаласында 55 мың адам тұрады. Қазір қалада 80 жыл бұрын салынған жалғыз аурухана бар. Оған тиесілі 12 ғимарат қаланың әр бөлігінде орналасқан. Бұл нысандар заманауи талаптарға сәйкес келмейді.
Қалада кардиологиялық, инсульттік, травматологиялық және күйік шалуға байланысты ем алу орындарын ашу қажет. Жаңа аурухананың жалпы аумағы – 40 мың шаршы шақырым. Онда жоғарыда аталған қызметтерді барлығы болады. Бұған қоса, жоба қосымша 500 адамды жұмыспен қамтиды деп жоспарланып отыр.