«Самұрық-Қазынаның» қайырымдылыққа жұмсалатын қаржысын тексеру қажет – Асхат Аймағамбетов

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Самұрық-Қазынаның қайырымдылық жұмыстары бақылана ма? / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
«Самұрық-Қазынаның» қайырымдылық жұмыстары бақылана ма? / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры сынды квазимемлекеттік ұйымдардың қайырымдылық қорларына жұмсаған қаржысын мемлекет бақылауына алуы қажет. Бұл туралы Мәжіліс отырысынан кейін баспасөз алаңында депутат Асхат Аймағамбетов айтты.

«Самұрық-Қазынаның қайырымдылық жұмыстары бойынша арнайы қорлары бар. Бірінші кезекте, осы квазимемлекеттік ұйымдардың қайырымдылыққа жұмсайтын қаражатын жақсылап тұрып қарауымыз қажет. Менің ұстанымым бюджеттен шығатын қаражат толығымен бақылауда болуы қажет», – деді депутат. 

Аймағамбетовтің айтуынша, қазір талқыға салынып жатқан Бюджеттік кодекске өзгеріс енгізуде квазимемлекеттік ұйымдардың қайырымдылыққа жұмсайтын қаржысын тексеру мәселесін ұсынған. Яғни бюджеттен тыс қорларды бақылауға алып, олардың есебін ашық алу мәселесі қаралмақ.

«Квазимемлекеттік ұйымдардың қайырымдылық жасауын бақылауға алып, тәуекелдерді саралап дұрыс шешім қабылдауымыз керек», – деді Аймағамбетов. 

Бұған қоса, барлық қайырымдылық қорын жаппай жауып тастау керек деген оймен келіспейтінін айтты. Оның орнына салада реттеу ережелерін бекітіп, халықтан жиналған, квазимемлекеттік ұйымдар бөлген қаржыны бақылау мүмкіндігі болуы керек екенін атап өтті.

Айта кетейік, қазір Қазақстанда «қайырымдылық жасау ісін» мемлекеттік бақылауға алу туралы заң жобасын жұмыс тобы қарастырып жатыр. Оған сәйкес елдегі сенімді қайырымдылық қорлар әкімдіктен тіркеуден өтуі қажет. Тіркеуден өтпеген қайырымдылық қорларына ақша жіберген адам 80 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз