Жаңалықтар

Жемқорлықпен күресу үшін декларация тапсыру мәселесіне қайта оралу керек – Бақытжан Базарбек

Жемқорлық мәселесінің декларация тапсыруға қатысы бар ма?
Жемқорлық мәселесінің декларация тапсыруға қатысы бар ма? / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жалпыға бірдей декларацияның күшін жою жемқор шенеуніктердің активтерді шығаруына мүмкіндік береді. Бұл пікірді Мәжіліс алаңында депутат Бақытжан Базарбек айтты.

Депутаттың сөзінше, шенеуніктер заңсыз шығарған активтерді өз отбасы мүшелерінің атына жазбайды. Оны тегі басқа жақын туыстарының атына жазады да, өз аты таза қалады. Осылайша шенеуніктерге тікелей байланысы болмағандықтан, оларды тексеру мүмкіндігі болмайды.

«Жемқор шенеуніктер мемлекеттің қаржысын, мемлекеттің мүлкін шығарған кезде өзінің атына емес, алыс туысқандарының атына рәсімдейді. Яғни 8 млн адамды декларациядан босату арқылы жемқорлардың іс-әрекетіне баға бере алмай қаламыз», – деді депутат.

Шенеуніктер декларация тапсырылуға міндеттелсе, олардың отбасы мүшесі емес туыстары қарапайым азамат ретінде жалпыға бірдей декларация тапсырудан босату аясына еніп кетеді.

Алайда депутат декларация тапсырмау мәселесіне қатысты екі ойлы екенін айтты. Жалпы халықтың жағдайын ойлап декларациядан босату дұрыс екенін де атап өтті.

Дегенмен алдағы уақытта Қазақстанның міндетті түрде декларация тапсыруға қайта айналып келу керек екенін алға тартты.

19 қарашада Қаржы министрі Мәди Такиевтің қазақстандықтарды жалпыға бірдей декларация тапсырудан босату идеясын премьер-министр Олжас Бектенов қолдады.

Кейіннен Мемлекеттік кірістер комитетінің жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілеу басқармасы қандай азаматтардың декларация тапсыруға міндеттелетінін жария етті.